Алматыда қарызы бар көліктер айыптұраққа жеткізіле бастады

Алматыда автокөлік жүргізушілерінің көлік салығы бойынша қарызы 4,5 млрд теңгеге жетті. Полиция мен жеке сот орындаушылары қарызын төлемегендерді анықтап, олардың көліктеріне шектеу енгізуге кірісті, деп хабарлайды Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі.

Жеке сот орындаушыларының қаулылары бар борышкерлердің автокөліктері “Сергек” камералары арқылы анықталып, қарыз толық өтелгенге дейін айыптұраққа қойылады, – деп хабарлады Алматы қаласының Мемлекеттік кірістер департаменті.

Ведомство өкілдері автокөлік иелерін айыптұраққа жеткізу және сот орындаушыларының қызметіне қосымша шығындар болмас үшін жақын уақытта салықтық берешектерін өтеуге шақырды.

Қазақстанда әрбір автокөлік иесі көлік салығын уақтылы төлеуге міндетті. Бұл талап орындалмаған жағдайда мемлекет тарапынан санкциялар қарастырылған: шоттардың бұғатталуы, өсімпұл есептелуі, тіпті кей жағдайларда елден шығуға тыйым салынуы мүмкін.

Ал Алматы қаласының Мемлекеттік кірістер департаментінің мәліметінше, тек мегаполистің өзінде жүргізушілердің көлік салығы бойынша қарызы шамамен 4,5 млрд теңгені құрайды. Сондай-ақ ведомство негізгі қарыз көлемді қозғалтқышы бар 4 литрден жоғары автокөлік иелеріне тиесілі екенін атап өтті.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Артём Чурсинов - архив
Өзгелердің жаңалығы