Бүгiн 2026, 09:16 Фото: ©BAQ.KZ

Алматыда қару дүкенінен ұрланған мылтықтар жасырылған орын табылды

Қару-жарақ тәркіленіп, сот-баллистикалық сараптамаға жіберілді.

Алматыда полиция қызметкерлері қаладағы қару дүкендерінің бірінен ұрланған атыс қаруы жасырылған орынды тапты.

Полицияның мәліметінше, жасырын қойма Алатау ауданындағы жекеменшік секторда жедел-іздестіру шаралары кезінде анықталған.

Жасырын орында екі қос ұңғылы мылтық болған. Қару тәркіленіп, сот-баллистикалық сараптамаға жіберілді. Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды.

Алматы қалалық полиция департаменті криминалдық полиция басқармасының бастығы Асхат Даулетияров заңсыз қаруды анықтау және тәркілеу жұмыстары тұрақты түрде жүргізіліп жатқанын айтты.

Оның сөзінше, «Қару» жедел алдын алу іс-шарасы қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге және заңсыз айналымдағы, соның ішінде Қаңтар оқиғасы кезінде ұрланған қаруларды тәркілеуге бағытталған.