Алматыда қарбыз бен қауынды қайдан сатып алуға болмайды? – Маман ескертуі
Маман бақша өнімін сатып алар алдында оның сыртқы түрін мұқият тексеруге кеңес берді.
Алматы қаласы Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Әсел Қалықова тұрғындарды қарбыз бен қауынды тек рұқсат етілген сауда орындарынан сатып алуға шақырды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Оның айтуынша, бақша өнімдерін сатып аларда ең алдымен олардың дұрыс температуралық режимде сақталуына және санитарлық талаптардың сақталуына назар аудару қажет.
Қарбыз бен қауынды ешбір жағдайда автожолдардың бойынан немесе заңсыз сауда орындарынан сатып алмаңыздар. Сондай-ақ алдын ала кесілген жемістерді алудан бас тартқан жөн. Өйткені кесілген өнімде микроорганизмдер көбейіп, адам денсаулығына қауіп төндіруі мүмкін, – деді Әсел Қалықова өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.
Маманның айтуынша, қарапайым гигиена талаптарын сақтау жіті ішек инфекциялары мен тағамнан уланудың алдын алуға көмектеседі. Сондай-ақ ол бақша өнімін сатып алар алдында оның сыртқы түрін мұқият тексеруге кеңес берді.
Қарбыз немесе қауынның қабығы бүтін болуы керек. Онда жарықтар, ойықтар немесе басқа да зақымдану белгілері болмағаны дұрыс, – деді департамент өкілі.
Әсел Қалықова кесілген қарбыз бен қауынды тоңазытқышта 24 сағаттан артық сақтамау керектігін айтты. Егер өнім кесілген болса, оны міндетті түрде тағамдық үлдірмен (пленкамен) жауып, тоңазытқышқа қою қажет.
Бұдан бөлек, маман бақша өнімін тұтынар алдында міндетті түрде ағын сумен жақсылап жуып, қағаз сүлгімен құрғатып барып жеуге кеңес берді.
Сондай-ақ қарбыз немесе қауынды кесуге арналған пышақ пен басқа да асүй құралдарын алдын ала мұқият жуып, толық кептіргеннен кейін ғана пайдалану қажет екенін ескертті.