Алматыда қанша америкалық компания тіркелген
Алматы әкімі АҚШ Сауда Палатасының өкілімен кездесті, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Алматы әкімі Ерболат Досаев пен АҚШ Сауда Палатасының Таяу Шығыс, Түркия және Орталық Азия істері жөніндегі аға вице-президенті Куш Чокси экономикалық байланыстарды нығайту және қаланың бизнес-экожүйесін дамыту мақсатында екіжақты ынтымақтастық мәселелерін талқылады. Кездесуге АҚШ-тың Алматы қаласындағы бас консулы Кэролин Севидж, Қазақстан-Америка Іскерлік кеңесінің бас атқарушы директоры Дженнифер Милл, іскер топтардың өкілдері (Chevron, Valmont Irrigation, Coca Cola, Mastercard, Borusan Caterpillar, Honeywell Kazakhstan) қатысты.
Алматы республиканың ірі қаласы және қаржы орталығы ретінде Қазақстан мен Құрама Штаттары арасындағы сауда мен инвестицияларды ілгерілетуде маңызды рөл атқарады. Қалада 128 бірлескен кәсіпорын және 399 америкалық компания тіркелген (ел бойынша – 695). Алматы мен АҚШ арасындағы тауар айналымы 2022 жылы 21,7%-ға ұлғайып, 805,7 млн доллар болды, - делінген Алматы қаласы әкімдігі таратқан хабарламада.
Ерболат Досаев атап өткендей, Алматы инвестициялық сенімділік деңгейі жөніндегі позициясын сақтайды. Мегаполистің инвестициялық тартымдылығын 2022 жылғы желтоқсанда Fitch Ratings агенттігі "тұрақты" болжамымен «ВВВ» деңгейінде расталды. Қаланың үлесіне ел ЖІӨ-нің бестен бір бөлігі (2022 жылы 18,5%) және Қазақстан Республикасы бюджетінің барлық кірісінің төрттен бірінен астамы тиесілі. Шағын және орта кәсіпорындар қала экономикасының шамамен 60% және оның өсуінің негізгі қозғаушы күші. Алматының инфрақұрылымын дамыту және логистикалық мүмкіндіктері өңірлік байланыстарды, сауда маршруттары мен көлік желілерін нығайтуға ықпал етуі мүмкін.
Өз кезегінде Куш Чокси мырза өзара тиімді серіктестікті кеңейтуге дайын екенін білдірді. АҚШ Сауда палатасы 3 миллионнан астам компанияны, жекелеген штаттар мен муниципалитеттердің 3 мыңға жуық сауда палаталарын, 830 қауымдастықты және шет елдердегі 111 американдық Сауда палаталарын біріктіреді. Қазақстанда АҚШ Сауда палатасының құрылымдық бірлігі Қазақстан-Америка Іскерлік кеңесі (USKZBC), оның құрамында 26 мүше бар.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар екіжақты қатынастарды одан әрі дамыту, инвестициялар тарту және Алматы мен Америка Құрама Штаттары арасындағы экономикалық байланыстарды кеңейту туралы уағдаласты.