Алматыда "Қалқаман" метро бекетінің құрылысы қалай жүріп жатыр

Алматыдағы "Қалқаман" метро бекетінің құрылысы 2026 жылдың бірінші жартысында аяқталуы жоспарланып отыр, деп хабарлайды Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі.

Мәжіліс депутаты Сергей Пономарев жаңа станцияның құрылыс алаңына барып, жұмыстың баяу жүріп жатқанын айтты. Оның айтуынша, жер астында кездесетін ірі тастар, қазу жұмыстарын қиындатады. Алайда 28 млрд теңге көлемінде қаржы бөлінгеннен кейін қазу қарқыны тәулігіне 4-5 метрге дейін жетуі тиіс.

Келер жылдың мамыр-маусым айларында мұнда пойыздар жүретін болады, – деді депутат.

Жобаға бас мердігер компанияның мәліметңнше, қазір сол жақ бағыттағы тоннельдің қазу жұмыстары (1591 м) толық аяқталып, жолдың үстіңгі құрылысына басталды. Ал оң жақ тоннельдің 950 метрі (1594 м-ден) қазылып, бекеттің алғашқы екі кезеңіндегі бетон жұмыстары аяқталды.

Жоспарға сәйкес, тоннельдерді қазу 2026 жылдың қаңтарында, жол төсеу және инженерлік жұмыстар 2026 жылдың сәуірінде бітеді. Монолитті жұмыстар 2025 жылдың желтоқсанына дейін, ал сәулеттік-әрлеу және абаттандыру жұмыстары 2026 жылдың бірінші жартысында аяқталмақ.

Компания станция құрылысының нормативтік мерзімі – 36 ай болса да, жұмыстарды мерзімінен бұрын – 14 айда аяқтау көзделіп отырғанын атап өтті.

Жобаның кешігуі қаржыландырудың біркелкі бөлінбеуімен байланысты болды. 2020 жылы – 190 млн теңге, 2021 жылы – 600 млн, 2022 жылы – 0 теңге бөлінген. Айтарлықтай қаражат тек 2023 жылдан бастап түсе бастады: 9,2 млрд теңге (2023 ж.), 2,3 млрд (2024 ж.), 28 млрд (2025 ж.). 2026 жылға тағы 17 млрд теңге қарастырылған (құрылыстың жалпы құнының 28%-ы).

Сонымен қатар жобадағы кідірістер болашақ станция аумағындағы тұрғын үйлерді сүру қажеттігімен байланысты болды. Соңғы құрылыстар тек 2025 жылдың сәуірінде ғана бұзылып, одан кейін мердігерге ресми түрде құрылыс алаңы берілді.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: автордан
Өзгелердің жаңалығы