Алматыда қаланың дизайн-кодына сәйкес келмейтін жарнамалар алынды
Алматы қалалық жоспарлау және урбанистика басқармасы қаланың дизайн-кодына байланысты жұмыстарды бастады, деп хабарлайды Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі.
Төле би даңғылының бойындағы Түркебаев пен Тұрғыт Озал көшесінің қиылысында орналасқан «Асыл» сауда орталығындағы маңдайшалар мен плакат-баннерлер алынды.
Еске сала кетейік, Алматының дизайн-коды 2023 жылғы 29 желтоқсанда қабылданып, ағымдағы жылдың наурыз айында күшіне енді. Оның 7 бағытының бірі әртүрлі ақпарат құралдарын безендіруге және толтыруға, сондай-ақ олар орналасқан объектілерді безендіруге қойылатын талаптарды анықтайды.
Қалалық жоспарлау және урбанистика басқармасының қызметкерлері бизнес өкілдері арасында жергілікті жердің сәулет ансамблін ұстану қажеттігі туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Кез келген сыртқы ақпарат ғимараттың архитектурасын қабылдаудың тұтастығын бұзбауы керектігін, ал ғимараттардың бірінші қабаттарының түстері мен әрлеу материалдары қасбеттердің архитектуралық стиліне сәйкес келуі тиістігін атап өтті.