Алматыда психиатриялық көмекке жүгінетіндер саны көбейген
Алматыда биылғы тоғыз айда психикалық денсаулыққа қатысты қызметтерге жүгінгендер саны 45 мыңға жуықтаған. Бұл туралы Алматы қаласының бас психиатры, Психикалық денсаулық орталығы директорының орынбасары Наби Есімов айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Оның сөзінше, жыл басынан бері орталықтың емханалық бөлімінде 40 мыңға жуық қабылдау өткізілген. Бұған қоса мамандар тұрғындардың үйлеріне барып көрсеткен көмекті есептегенде, жалпы көрсеткіш 45 мыңға жеткен. Ал алғаш рет көмек сұрап келгендер саны шамамен 13 мың адам болған.
Маманның айтуынша, бұл халық арасында психикалық денсаулық мәселелері бойынша көмекке сұраныс азаймағанын көрсетеді. Соңғы жылдары қашықтан кеңес беру қызметі де кеңінен қолданылып келеді. Биыл тоғыз ай ішінде 5355 онлайн кеңес өткізілген.
Наби Есімов психикалық денсаулық орталығындағы стационар жұмысының да тиімділігі артқанын айтты. Бұрын орталықтағы психиатриялық бөлімде 560 орын болса, қазір олардың саны 300-ге дейін қысқарған. Соған қарамастан ем қабылдаған адамдар саны көбейген.
Өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда биыл ем алғандар саны 2300-ден астам адамға артты. Бұл науқастардың ауруханада ұзақ жатпай, қажетті көмекті дер кезінде алып жатқанын көрсетеді. Соның арқасында бұрынғыдан көп адамға қызмет көрсету мүмкін болды, – деді ол.
Оның айтуынша, алдағы уақытта тұрғындарға психикалық денсаулық бойынша көмекті барынша қолжетімді етуге басымдық беріледі. Сондай-ақ дертті ерте анықтау, оңалту жұмыстарын күшейту және адамдардың қоғамға бейімделуіне көмектесу бағытындағы жұмыстар жалғасады.
Біздің басты мақсатымыз – адам қажетті көмекті уақытында алып, тұрғылықты жеріне жақын жерде емделіп, қалыпты өмір салтын сақтай алуы. Әр азаматтың қоғамнан шет қалмай, толыққанды өмір сүруіне жағдай жасау маңызды, – деді Наби Есімов.