Алматыда полицияның 6 қызмет көрсету орталығы ашылды

Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында қала әкімдігінің жобалық кеңсесінің қолдауымен “қолжетімді полиция” қағидатын жүзеге асыру мақсатында Алматыда полицияның қызметтік моделін енгізу жалғасып жатыр, деп хабарлайды BAQ.KZ Polisia.kz-ке сілтеме жасап. 

Бұған дейін хабарланғандай, қалада полиция мен қоғам арасындағы әріптестік қарым-қатынасты орнатуға бағытталған 8 заманауи және жайлы полицияның қызмет көрсету орталығы кезең-кезеңімен ашылып келеді. Онда полиция қызметін сапалы көрсетуге жағдай жасалған. 

Бүгінде қалада жеті полицияның қызмет көрсету орталығы жұмыс істейді. Олар азаматтардың көмекке жүгінген кездегі шиеленіс пен жайсыздық деңгейін төмендетуге, халықтың полицияға деген сенім деңгейін арттыруға, азаматтармен ашық серіктестік орнатуға, құқық қорғау органдары қызметкерлерінің жұмысының тиімділігін арттыруға, азаматтардың сұраныстарына жедел ден қоюға, халыққа уақытылы кәсіби, білікті және консультативтік көмек көрсетуге мүмкіндік береді. Полицияның қызмет көрсету орталықтарынан азаматтар барлығы 55 қызмет түрін тегін ала алады. Мамандар көші-қон және әкімшілік заңнама мәселелерін шешуге, құқық бұзушылықтың алдын алуға, отбасында зардап шеккен әйелдердің құқықтарын қорғауға көмектеседі. Біз үшін азаматтардың тыныш ортада құқық қорғау қызметтері мен қажетті заң көмегін алуы үшін қолайлы жағдай жасау маңызды. Тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына көмек көрсетуге және жасөспірімдер арасындағы қылмыстың алдын алуға ерекше көңіл бөлінуде, – деді Алматы қалалық полиция департаментінің бастығы Арыстанғани Заппаров. 

Сонымен қатар орталықтарда психологтар, медиаторлар, ішкі істер органдарына оқуға және қызметке қабылдау үшін кеңес беретін мамандар, қаруды алып жүруге және сақтауға рұқсат беретін қызметкерлер жұмыс істейді. Олардың ішінде ресепшен, күту залы және балалар бұрышы бар. Полицияның қызмет көрсету орталығына келушілер қызмет көрсету сапасын бес балдық жүйе бойынша бағалап, пікір білдіре алады. Орталықтардың жұмыс уақыты – 9:00-ден 20:00-ге дейін.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: polisia.kz
Өзгелердің жаңалығы