15 Шілде 2026, 14:18 Фото: ©️ ЖИ: BAQ.KZ

Алматыда өзеннен мұнай өнімдері табылды

Ластану қаланың су нысандарына жүргізілген кешенді тексеру барысында анықталған.

Алматыдағы Есентай өзенінен мұнай өнімдерінің шекті мөлшерден жоғары концентрациясы анықталды. Алайда ластану көзі әзірге белгісіз болып отыр, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. 

Бұл туралы қалалық Экология департаментінің басшысы Дінмұхамед Лесбеков мәлімдеді.

Оның айтуынша, мегаполистегі су айдындарына зиянды заттардың төгілуі жыл сайын тіркеледі.

Ластану қаланың су нысандарына жүргізілген кешенді тексеру барысында анықталған. Мамандар Есентай өзенімен қатар Үлкен және Кіші Алматы, Ақсай, Басқарасу өзендерін, сондай-ақ Сайран көлін де зерттеген.

Экология департаментінің мәліметінше, аталған аумақтардан алынған су мен топырақ сынамаларының зертханалық талдауы нәтижесінде зиянды заттардың шекті рұқсат етілген концентрациясынан асып кету фактілері анықталмаған. Тек Есентай өзенінен мұнай өнімдерінің мөлшері нормадан жоғары екені белгілі болды. Ластану көзі әзірге анықталған жоқ.