Алматыда өзен арналары тазартылып, 520 текше метрден астам қоқыс шығарылды

Алматы, BAQ.KZ. Алматы қаласында 3-4 наурыз аралығында «Көктем-2022» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығулары өткізілді. Бұл туралы қалалық ТЖД-нің баспасөз қызметі хабарлады.

Негізгі оқу-жаттығу жұмыстары Алатау ауданында «Қарғалы» өзенінің арнасында пысықталып, онда өзен арнасының  түбін тереңдету жұмыстары, ұзындығы 1 км астам қатты-тұрмыстық қалдықтардан тазарту жұмыстары жүргізілді. Атқарылған шаралар су ағынын жылдам өткізуге мүмкіндік береді әрі аудандағы 57 жеке тұрғын үйді су басу қаупіннен сақтайды.

Бұдан басқа, оқу-жаттығу іс-шаралары қаланың қалған 7 ауданында да өткізілді, оқу-жаттығу аясында өзен арналары мен арық жүйелері қатты-тұрмыстық қалдықтардан, бұтақтар мен жабайы тоғандардан тазартылды. Барлығы 42 шақырымды өзен арналары тазартылып, 520 текше метрден астам қатты тұрмыстық қалдықтар шығарылды.,-делінген хабарламада.

Оқу-жаттығуға жалпы саны 337 адам қатысты, оның ішінде ҚР ҰҰ «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы, қаланың азаматтық қорғау қызметтері, волонтерлік ұйымдары мен ҚР ТЖМ аумақтық бөлімшелері және 67 арнайы және инженерлік техника жұмылдырылды.

Су басудың алдын алу және салдарын жою бойынша жүйелі мониторингті ұйымдастыру және шаралар әзірлеу  жұмыстары барысында  2021 жылы Алматы қаласында 19 су тасқыны қаупі бар учаскелер есепке алынған.

Қабылданған шаралармен арық желілерін салу және қайта жаңарту жұмыстардың нәтижесінде  8 учаскеде су басу қатері толығымен жойылды, қалған 11 учаскенің жетеуі -  іске асырылып жатқан 376 км арық желілерін салу және қайта жаңарту жобасында  көзделген.

Жалпы, Алматы қаласының ТЖД, Азаматтық қорғау қызметтері, ТЖМ және ҚР ҰҰ аумақтық бөлімшелері көктемгі кезеңде төтенше жағдайларды жоюға дайын.

 

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы