Алматыда өзен арналары тазартылды
Алматы, BAQ.KZ. Алматы қаласында "Көктем-2020" Республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығу өткізілді. Бұл туралы ТЖД баспасөз қызметі хабарлады.
Негізгі жаттығу Наурызбай және Алатау аудандарындағы 3 учаскеде, Қарғалы өзенінің жағасында жүргізілді, өзен арналары мұз бен шөгінділерден тазартылып, 2 шақырымнан асатын қашықтықта ағаштар мен бұталар қысқартылды.
Жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде жалпы саны 1800 тұрғылықты тұратын және жұмыс істейтін адамдар мен 500 әртүрлі бағыттағы нысандарда (Қарғалы өзені арнасынан су көтерілген жағдайда) су басу қаупі жойылды, - делінген ТЖД хабарламасында.
Аталған жаттығулар қаланың қалған 6 ауданында да өткізілген, жаттығу аясында өзендер мен каналдар қардан, мұздан және қатты тұрмыстық қалдықтардан тазартылды.
Барлығы 7 км өзен арналары тазартылып, 403 текше метрден астам қар және қатты тұрмыстық қалдықтар шығарылды.
Оқу жаттығуға 300 адам және 52 бірлік техника; соның ішінде, Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланның "Оңтүстік" өңірлік қолбасшылығынан 100 адам және 5 бірлік техника, қаланың азаматтық қорғау қызметтерінен 153 адам 39 бірлік техника және ҚР ІІМ ТЖК аумақтық бөлімшелерінен 46 адам, 8 бірлік техника қатысты, - деп хабарлады ведомство.
Жүйелі бақылауды ұйымдастыру мен су тасқыны салдарын болдырмау және жою жөніндегі шараларды әзірлеу мақсатында 2019 жылы Төтенше жағдайлар департаменті жиі су басатын 26 учаске есепке алынды. Бүгінгі күні 9 учаскеде су басу қауіпі жойылды, қалған 17 учаскеде жалпы ұзындығы 376 км болатын арық желілерін салу және қайта қалпына келтіру үшін жобалық-сметалық құжаттама әзірленуде.
Жаттығу барысында Алматы қаласының ТЖД, Қазақстан Республикасы Ұлттық Гвардия аумақтық бөлімшелері, қаланың азаматтық қорғау қызметтері, көктем маусымында төтенше жағдайларды жоюға дайын екендіктерін көрсетті.