Алматыда Отырар қорғанысының 800 жылдығына арналған көрме өтеді

Алматы, BAQ.KZ. ҚР Мемлекеттік орталық музейінде «Рухани жаңғыру» бағдарламасы және ұлт көшбасшысы Н.Ә. Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы аясында Отырар қорғанысының 800 жылдығына орай «Қамалы бекем, халқы қайсар-отырар» атты көрме өтеді.


«Отырар мемлекеттік археологиялық қорық-музейі» РМҚК қор материалдары негізінде ұйымдастырылған көрменің ашылуы 5 тамыз күні сағат 15.00-де болады.

«Көрменің мақсаты келушілерді Отырардың көне тарихымен таныстыру. Отырар-әлемдік өркениетте өзіндік үлесі бар, тарихы терең, табиғаты көркем, төсінде сұлу Сыр мен ерке Арыс қатар аққан, Ұлы Жібек жолы бойындағы құтты мекен. Ежелгі заманнан-ақ бүкіл шығысқа кеңінен танымал Үнді, Қытай, Византия, т.б. мемлекеттермен үнемі ғылыми, мәдени, экономикалық, дипломатиялық байланыстарда болып, қалаларында ғылым мен мәдениет, сауда, өндіріс, далаларында егін, мал шаруашылығы қатар дамыған аймақ», - делінген хабарламада.

Ғұлама ойшыл Әбу Насыр Әл-Фарабидің туған өлкесі Отырар – Қазақстанның оңтүстігінде орналасқан ортағасырлық қалалардың ең танымалы. ҮІ-ҮІІІ ғасырларда Отырар-Фараб Сырдарияның орта шеніндегі ірі феодал иелігінің астанасы, ІХ-ХІІ ғасырларда аймақтың бас қаласы, ХІІІ-ХҮ ғасырларда Қазақстанның оңтүстігіндегі аса ірі қалалардың бірі, ал ХҮІ-ХҮІІІ ғасырларда Қазақ хандығының саяси және экономикалық орталығы болған. 

1947 жылы Оңтүстік Қазақстанда орналасқан ескерткіштерді зерттеу қолға алынып, сол кездегі Тарих, археология және этнография институты мен материалдық мәдениет институтының Ленинградтық бөлімі бірлесе отырып Оңтүстік Қазақстан археологиялық экспедициясын (ОҚАЭ) құрды, экспедиция басшысы А.Н.Бернштам болды. ОҚАЭ өңірдегі Пышақашытөбе, Алтынтөбе, Құйрықтөбе, Марданкүйік, Көкмардан сонымен қатар Сырдарияның солтүстік жағасындағы Бұзық, Оқсыз, Артық ата, Қауған ата, және Сумағар сияқты тарихи ескерткіштерге зерттеу жұмыстарын жүргізді. 1969-1971 жылдары Кемел Ақышевтің бастамасымен ҚазКСР Ғылым Академиясының Ш.Уалиханов атындағы тарих, археология және этнография институты Отырар экспедициясымен жұмысты қайта бастады. Нәтижесінде Отырар Қазақстан мен Орта Азия аумағындағы барынша терең зерттелген ортағасырлық қала болып саналады. 

Тарихтың, халықтың өсу жолымен ұштасып, жалғасып жатқан Отырардағы археологиялық қазба, зерттеулер нәтижесінде табылған, тарихи мұраларымыз осындағы ғылыми-зерттеу, мәдени-ағарту және археологиялық ескерткіштерді қорғау мекемесі «Отырар мемлекеттік археологиялық қорық-музейі» РМҚК қорында жинақталған.

«Төрт бөлімнен тұратын көрменің алғашқы бөлімін музей қорындағы археологиялық материалдардың ерте ортағасырлық үлгілері ІІІ-VIII ғғ. тән түпнұсқа жәдігерлер мен деректік материалдар құрайды. ІІ бөлімде Орта Азия мен Қазақстанның оңтүстігіндегі қала мәдениетінің дәуірлеген кезіндегі Отырар, яғни ІХ-ХІІ ғғ. Отырардың тыныс-тіршілігін баяндайтын еңбектер қорытындылары мен сол кезеңдерден жеткен археологиялық материалдар. ІІІ бөлімде ХІІІ ғасырдағы Отырардағы дүрбелең, моңғол шапқыншылығы кезіндегі Отырардың тіршілігі және осы кезеңдерге тән жәдігерлер, ІV бөлімде Отырардың қайта бой көтеруі. Билеуші Әмір Темір дәуірінен бастап Қазақ хандығы тұсындағы Отырардың даму кезеңдерінен хабар беретін бірегей, түпнұсқа заттар мен деректер қамтылады», - делінген хабарламада.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы