Алматыда өткен кәсіби бокс кешінде қазақстандық боксшылар жеңіске жетті
Алматыда өткен кәсіби бокс кешінде Қазақстан атынан шыққан барлық спортшы өз жекпе-жектерін жеңіспен аяқтады, деп хабарлайды BAQ.KZ Sports24.kz-ке сілтеме жасап.
Турнирдің басты жекпе-жегінде Али Ахмедов шаршы алаңға шықты. Қазақстандық боксшы (25–2, 17 КО) ганалық Делали Милензимен (29–2–1, 22 КО) он раундқа жоспарланған кездесу өткізіп, төрешілердің бірауыздан қабылдаған шешімімен жеңіске жетті. Бұл жеңіс Ахмедовке жартылай ауыр салмақтағы WBA Asia чемпиондық белбеуін сыйлады.
Кештің қосалқы басты жекпе-жегінде Бекман Сойлыбаев (21–1, 12 КО) өзбекстандық Абдулло Кучкаровқа (6–1, 5 КО) еш мүмкіндік қалдырмады. Армениялық Андраник Григорянның орнына шыққан қарсыласымен кездесу екінші раундта-ақ аяқталып, қазақстандық боксшы техникалық нокаутпен жеңіске жетті.
Кәсіби рингтегі алғашқы жекпе-жегін өткізген Рамзан Саитов та жарқын жеңіске қол жеткізді. Ол отандасы Шахид Смагулды (1–0, 1 КО) бірінші раундта нокаутқа түсірді.
Нуржан Серикбаев (7–2, 7 КО) Қырғызстаннан келген дебютант Мирбек Ибайдуллаевпен кездесіп, екінші раундта нокаутпен жеңіске жетті.
Бауыржан Бекмурзаев (7–0–1, 6 КО) өзбекстандық Мирзамухаммад Хикматуллаевты (9–12, 6 КО) бесінші раундта нокаутқа жіберіп, айқын басымдық танытты.
Тағы бір дебютант Кенже Муратулы да кәсіби мансабын сәтті бастады. Ол өзбекстандық Абдулазиз Бахруллаевты (1–0, 1 КО) төрт раунд қорытындысы бойынша төрешілердің бірауыздан қабылдаған шешімімен жеңді.
Сондай-ақ жартылай жеңіл салмақта өнер көрсететін Александр Ковригин (8–2, 6 КО) де Қазақстан қоржынына жеңіс салды. Грузиялық Давит Нацвлишвили (4–7, 1 КО) бірінші раундтан кейін жекпе-жекті жалғастырудан бас тартты.
Осылайша, Алматыда өткен бокс кеші қазақстандық спортшылар үшін толықтай табысты өтті. Олар Өзбекстан, Қырғызстан, Грузия және Гана елдерінен келген қарсыластарынан айқын басым түсті.