Алматыда осал топ өкілдеріне 517 млн теңгеге грант берілді
Бұл туралы Мансап орталығының жетекшісі Әділет Жаңабаев Ұлттық баспасөз клубында атап өтті, деп хабарлайды Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі.
2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба шеңберінде жастарға шағын несие беру бағдарламасы бар. 21-35 жас аралығындағы жас кәсіпкерлерді 5 жылға дейін жеке кәсіппен айналысатын жастарды қолдау шаралары көрсетілген. Ол үшін жастар 5 жылға дейін жеке кәсіпкер атануы қажет, сонда 2,5%-бен шағын кәсіппен айналысуға несие беріледі. Алдымен, Аграрлық несие корпорациясына өтініш берілуі қажет.
Сосын сол жерден бизнес-жоспар дайындап, оқып, Мансап орталығына бизнес-жоспарын комиссия алдында қорғауға келеді. Комиссиядан өткен жағдайда келісімшартқа отырады. Айта кеткен жөн, бұл тұста адам тарапынан кепілдік болуы керек. Сол талаптарды орындаған жағдайда 15 күн ішінде несиені алады. Одан кейін 1,5 жыл каникул беріледі. Яғни, жастар несиені 1,5 жылдан кейін аяққа тұрған соң төлей бастайды. Одан бөлек, өзіміздің Мансап орталығы жүзеге асыратын мемлекеттік грант бар – 1 млн. 380 мың теңге. Оған осал топ мүшелері: мүгедектігі бар жастар, 35 жасқа толмаған көпбалалы ата-аналар, аз қамтылған отбасылар, мүгедек баланы асыраушы жас ата-аналар, қандастар қатысады. Биыл бұл жоба бойынша 375 адам мемлекеттік грант алды. Оған 517 миллион теңге жұмсалды. Ал жастарға шағын несие беру бағдарламасына өтініш беру жалғасып жатыр, – деді Мансап орталығының жетекшісі Әділет Жаңабаев.