Алматыда Орталық музейде «Ұлы Отан соғысының Қаруы» атты көрме өтеді
Алматы, BAQ.KZ. Ертең Қазақстан Республикасы Мемлекеттік орталық музейінде ІІ дүниежүзілік соғыстың 74 жылдығына арналған «Халық жүрегіндегі жауынгерлер» атты шара өтеді.
Аталған шараның «KS – production» продюсерлік орталығы және «Қайырымды Істер Өлкесі» Қазақстан мүгедектері қайырымдылық ҚҚ-мен бірлесіп өткізбек.
Шара аясында ҚР Орталық музейі «Ұлы Отан соғысының Қаруы» атты көрмесін дайындап, акция қатысушыларын кеңес және неміс-фашистік атыс қаруымен таныстырады.
Орталық музей жыл сайын Алматы қаласының әр аудандарындағы ҰОС ардагерлерінің құрметіне арналған қайырымдылық акциясын өткізуді дәстүрге айналдырған.
Өткен жылы шара Медеу ауданының ардагерлеріне арналған, ал биыл акцияға Жетісу ауданында тұратын ҰОС және еңбек майданының ардагерлері қатысады.
«Ардагерлермен жүздесу өскелең ұрпаққа еліміздің тарихи мұраларымен танысуға, олардың бойына азаматтық сана-сезімдерді оятуға және патриоттық рухқа баулуға, отансүйгіштікке тәрбиелеуге, ҚР мүдделеріне қызмет етуге лайық деп білеміз. Ұлы Жеңіс күні – жан аямай елін қорғаған ержүрек батырларымызды еске алу күні. Асау уақыт тізгінін ауыздықтай алмайсың – жылдан-жылға адамзаттың басына алапат қасірет түсірген зұлмат соғыс туралы баяндайтын Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің қатары арамызда азайып бара жатыр. Мұндай шаралар ардагерлерге құрмет пен алғыс сезімдерін білдіруге мүмкіндік береді», - делінген хабарламада.
Іс-шара аясында Қазақстан Республикасының халық әртістерінің қатысуымен концерттік бағдарлама ұсынылады.