Алматыда Орталық Азиядағы басты кинематографиялық шара мәресіне жетті
XVII Халықаралық «Еуразия» кинофестивалі аяқталды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Биыл фестиваль бағдарламасына 30-ға жуық фильм еніп, оның 22-і екі негізгі байқауға іріктеліп алынды.
Жеңімпаз фильмдер тек жүлдеге қол жеткізіп қана қойған жоқ. Олардың терең эмоционалды және көркемдік бірегейлігі арқылы көзге түскен фильмдері кәсіби мамандардың пікір алмасуына арқау болды. Осылайша, кино өнерінің адамдарды біріктіріп, өткір мәселелерді көтере алатындығы кезекті рет дәлелденді.
Орталық Азия және түркі әлемі елдері байқауының ең үздік фильм аталымында "Ақ тырналар билейтін жерде" (Саха Республикасы, Ресей) фильмі жеңіске жетті. Бейнешілік пен көркем поэзияға толы бұл картина салт-дәстүрді сақтай отыра қазіргі заманның сынақтарында төтеп беруге шақырады.
NETPAC қазылар алқасының сыйлығы режиссер Махди Флейфельдің "Белгісіз елге" туындысына берілді. Фильмде ағайынды қос жігіт халық тығыз орналасқан аудандардан қашуды армандайды. Германияға жетіп, жаңа өмір бастау үшін олар алаяқтықпен ақша табады. Бірақ бірі бар қаражатты анашаға жұмсағандықтан екіншісі қауіпті ұрлық жасайды.
Қазылар алқасы ең үздік актерлерді таңдауда қандай критерийлерге сүйенді? Бұл сұрақтың жауабы белгілі. Басты назар шынайылық, өз ойы мен сезімін көрерменге жеткізу қабілетіне түсті. Қырғызстандық «Шекарадағы мәміле» фильмінде басты рөлді сомдаған Абылай Марат ең үздік ер адам рөлі үшін марапатталды. Бұл триллер жақсылық пен жамандық арасындағы тартыс жайлы ой шертеді. Абылайдың кейіпкеріне маңызды шешім қабылдауға тура келеді. Ал ең үздік әйел рөлі үшін «Ғашықтар тауы» фильміне түскен актриса Эльза Каримова марапатталды.
Халықаралық байқауда ең үздік әйел рөлі үшін Флорентина Хольциенгер (Австрия, "Ай" фильмі) марапатталды. Актрисаның ойыны кейіпкерінің ішкі қайшылықтарын және қоғамның қысымына қалай қарсы тұрғанын шынайы жеткізе алды. Сондай-ақ, Артур Пачесный «Жоқтың қасы» фильміндегі шиеленісті керемет көрсете алғаны үшін жүлдегер атанды.
Халықаралық байқау іс жүзінде түрлі мәдениеттер тоғысқан диалог алаңына айналды. Поляк режиссері Гжегож Дебовскийдің «Жоқтың қасы» фильмі жеңіске жетті. Бұл минималистік шығарма жалғыздық пен еркіндік арасындағы нәзік шекараны зерттеп, көрермендерді өмірдің мәні туралы ойлануға итермелейді.
Оңтүстік Кореялық режиссер О Чжон Мин«Жыл маусымдары үйі» фильмі үшін үздік режиссура аталымы бойынша марапатына ие болды. Туындының күрделіқұрылымы және философиялық ой тереңдігі көрермендерді таңғалдырды.
Қазылар алқасының арнайы сыйлығы режиссер Мурат Фиратоглу түсірген «Хемме өлетін күннің бірінде» фильміне берілді. Фильм әлеуметтік әділетсіздік, төзімділік және бостандық үшін күрес туралы сұрақтарды көтереді. Қазылар алқасы режиссердің шиеленіс сәттерін және әсерлі атмосфераны шеберлікпен көрсете алғанын ерекше атап өтті. Осыдан соң көрермендер қиын жағдайда өмір сүріп жатқан адамдардың тағдырына бей-жай қарай алмайтыны сөзсіз.
Шәрипа Оразбаеваның қазақстандық «Тұл» фильмін қазылар алқасы ерекше аталым бойынша марапаттады. Асиф Исламның (Бангладеш) «Нирвана» фильмі визуалды бейнелерді жаңаша қолдану және олардың философиялық астары үшін қазылар алқасының арнайы сыйлығына ие болды.
Халықаралық байқау қазылар алқасының төрағасы Нури Бильге Джейлан «Әлемдік кинематографияға қосқан ерекше үлесі үшін» марапатқа ие болды. Сондай-ақ әйгілі қазақстандық актер Досхан Жолжаксынов «Қазақ кинематографына қосқан ерекше үлесі үшін» арнайы сыйлығының иегері атанды.
Фестиваль шын мәнінде Қазақстан киносының жетістіктерін таныту алаңына айналды. Шәкен Аймановтың «Алдар көсе» фильмінің қалпына келтірілген нұсқасы ұлттық кинематографтың ұлығын еске салды.
Сонымен қатар, жас қазақстандық режиссерлердің жұмыстары жаңашылдыққа ұмтылуды көрсетті. Мысалы, Орталық Азия мен түркі әлемі елдері арасындағы байқауда үздік режиссура марапатына ие болған "Жоқтау" фильмі дәстүрлі аза тұту рәсімі арқылы дүниеден озған адамның кейпін мәңгі есте сақтаудың терең мағынасын аша алды.
"Еуразия" тек фильмдер көрсететін алаң ғана емес, кәсіби мамандардың өз ойымен бөлісе алатын орынға айналды. Дөңгелек үстелдер, шеберлік сабақтармен пікірталастар өордаланған мәселелерді талқылап, шешімін табуға мүмкіндік берді.