Алматыда Орталық Азия қолөнер бұйымдарының жәрмеңкесі өтіп жатыр
Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Алматыдағы Мемлекеттік орталық музейде қолөнер шеберлерінің "Шығыс базары" атты жәрмеңкесі өтіп жатыр.
Тұңғыш президент күнін мерекелеу аясында өтіп жатқан бұл шараны аталған музей мен "Бақыт" сәндік-қолданбалы өнер орталығы бірлесіп ұйымдастырған.Жәрмеңкеге Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түркіменстан, Өзбекстан және Ресейден келген шеберлердің сыйлық және кәдесый өнімдері ұсынылған. Атап айтсақ, киізден жасалған киімдер, теріден жасалған әмиан, белдік және тағы басқа күнделікті тұтынатын затар бар. Сондай-ақ, ағаш, керамикадан жасалған ыдыстар, зергерлік бұйымдар, музыкалық аспаптар, шығыс миниатюрасы, тоқыма бұйымдары мен қолдан тоқылған кілемдер көпшілік назарына ұсынылуда.
Суретші, керамист Марат Сәрсебаев мұндай жәрмеңкелер қолөнер шеберлерінің өнімін халыққа кеңінен таныстыруға мүмкіндік береді деген ойын білдірді.
Біздің нарықтың бәрін Қытай және тағы басқа мемлекеттердің жылтыраған өнімі басып кетті. Бүгінгі жәрмеңкеге өзіміздің қолөнер шеберлерінің бұйымдары ұсынылып отыр. Әсіресе ұлттық нақыштағы дүниелер көптеп әкелінген. Өзім нарықтың сұранысына қарай шағын кәдесыйлар мен мүсіншелерді жасап әкелдім. Тапсырыс болып жатса ыдыс, тағы басқа үлкен жұмыстарды жасаймын. Осындай жәрмеңкелер жиі өтіп тұрса қазақтың ұлттық дүниелері де кеңінен таныла береді, - дейді шебер.
Қала тұрғындары мереке алдында ұйымдастырылатын осындай жәрмеңкені асыға күтетіндіктерін айтады.
Алдыда көптеген мейрамдар келе жатыр. Бүгінгі жәрмеңкеге жақындарымызға әдемі әшекейлер мен кәдесыйлар алсақ деп келдік. Бұл жәрмеңкенің пайдасы мұнда заттарды шеберлердің өз қолынан арзан бағаға алуға болады. Және әр жәрмеңке сайын заттары да жаңарып отырады, - дейді қала тұрғыны Алма Мұратханова.
"Бақыт" сәндік-қолданбалы өнер орталығы бірнеше жылдан бері Мемлекеттік музеймен бірігіп жылына төрт мезгіл осындай ірі көлемде жәрмеңке ұйымдастырып келеді. Бүгінгі жәрмеңке "Шығыс базары" тақырыбымен өтіп жатыр.
Жыл басында, яғни Наурыз мейрамы алдында "Қызғалдақтар гүлдегенде" атты жәрмеңкемен бастаған едік. Жаз мезгілінде "Жібек жол", күзде "Алтын алма" тақырыбымен ұйымдастырылса бүгін "Шығыс базары" тақырыбымен өтіп жатыр. Жәрмеңкеге қатысатын қолөнершілер осы тақырыпқа сай заттарын дайындап әкеледі. Яғни, ою-өрнегі, оның түсі бәрі сол мезгілге сәйкестендіріліп жасалады. Бүгінгі көрме-жәрмеңкеге жақын он елден қолөнершілер қатысып отыр, - дейді өнер орталығының директоры Бақыт Әбдікәрім.
Сонымен қатар, ол жәрмеңке аясында шеберлік сағаттары ұйымдастырылып, қолөнер шеберлері бір-бірімен тәжире алмасатынын жеткізді.
Әр шебердің өзіне тән жасау стилі, тәсілдері болады. Жәрмеңкеге жас шеберлер де қатысып жатыр. Олар үлкен, тәжірибелі қолөнершілерден үйренері көп. Бір-бірін күнде көре бермейді, осындай бас қосқанда танысып, тәжірибе алмасып, бірін бірі толықтырып отырады. Сондықтан жәрмеңкенің халық үшін де, шеберлер үшін де пайдасы бар, - дейді ол.
Аталған жәрмеңке 1 желтоқсанға дейін жалғасады.
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Алдыңғы жаңалық
Назарбаевқа жаңа мәртебе берілді
Келесі жаңалық
Қысқы балық аулау. Ондаған азамат жауапкершілікке тартылды
Өзгелердің жаңалығы