Алматыда өрт сөндірушілер ант қабылдады
Алматы, BAQ.KZ. Алматы қаласының Төтенше жағдайлар департментінде жаңадан жұмысқа қабылданған 80-нен астам жас маман кез келген жағдайда отпен күресуге ант берді.
Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік Күні қарсаңында өрт сөндіруші-құтқарушылар Ант қабылдады, салтанатты рәсім Алматы қаласы № 2 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінде аталып өтті.
Жаңадан жұмысқа қабылданған 80-нен астам жас маман кез-келген жағдайда отпен күресуге, жыл сайынғы дәстүр бойынша жолдастарының алдында салтанатты түрде ант берді.
Жиын барысында Алматы қаласы ТЖД «Өрт сөндіру және апатты құтқару жұмыстары қызметі» ММ бастығы, азаматтық қорғау полковнигі Руслан Қасыбаев жеке құрамға арнап ізгі тілегін білдірді.
Ең батыл, ержүрек және қайсар адамдар ғана құтқарушының жұмысын өз өмірі ретінде таңдайды. Сіздердің әрқайсыларыңыз өздеріңіздің қызметтік міндеттеріңізді бұлжытпай орындайтындарыңызға сенімдімін. Елдің тағдыры, азаматтардың бейбітшілігі мен қауіпсіздігі біздің қызметіміздің тиімділігіне, ұйымдастырылуы мен жауапкершілігіне байланысты болатындығын білуіміз керек, - деп атап өтті.
Бүгінгі күні өрт сөндіру қызметінің Алматы гарнизонында 30-дан астам қызметкер - Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің құрдастары жұмыс істейді, жас қызметкерлердің негізгі бөлігі өрт сөндіруші-құтқарушылар болып табылады, орта есеппен, Алматы қаласының құтқарушылары жыл сайын 3 мыңнан астам шақыртуға барады, 500-ден астам адам өмірін құтқарады және 1 мыңнан астам адамды қауіпсіз жерлерге көшіреді.
Күн сайын 279 адам мен 81 бірлік техника, оның ішінде 2 ұшақ төтенше жағдайларға жедел ден қою үшін дайын тұр.
Бүгінгі күні Департаментке әртүрлі мақсаттағы 159 бірлік техника қызмет етеді, қаланы өрттен қорғау үшін 17 өрт сөндіру бекеттері жұмыстар атқарады, тағы 17 депоның құрылысы қажет.
Қазіргі уақытта Алматы қаласы Әкімінің қолдауымен Алатау және Наурызбай аудандарына 6 шығуға арналған 2 өрт сөндіру бекетінің құрылысы жүріп жатыр. Келесі жылы Бостандық ауданындағы Нұр-Алатау ықшам ауданында 4 шығу бекетінің құрылысы басталатын болады. Моральдық және кәсіби шеберлікті арттыру үшін ерекше көзге түскен қызметкерлерді мадақтау тәжірибесі қолданылады. Соңғы 3 жылда 300-ден астам қызметкер ведомстволық және мемлекеттік наградалармен марапатталды.