Алматыда оқушыларға арналған кеңсе тауарлары қанша тұрады?

Мектеп оқушылары үшін рюкзак, күнделік, дәптерлер, сондай-ақ қаламдар мен қарындаштар жинағы бар пенал, осының барлығы қажетті заттардың қатарына жатады. Олардың бағасы сатып алушының таңдауына байланысты әртүрлі, деп хабарлайды Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі.

Оқу жылы басталар алдында ата-аналар балаларға қажетті мектеп керек-жарақтарын белсенді түрде іздей бастады.

Бұған дейін Алматының кейбір тұрғындары балаларын мектепке дайындауға 130 мыңнан 250 мың теңгеге дейін жұмсайтынын айтқан. Бұл сомаға мектеп формасы мен өзге де керек-жарақтар, әдетте, қала базарларынан сатып алынған кезде кіреді.

Енді танымал онлайн-платформалардағы кеңсе тауарларының бағасын қарастырып көрейік.

Рюкзактар

Мектеп оқушылары үшін ең басты қажетті заттардың бірі – рюкзак. Ол арқылы кітаптар, дәптерлер және басқа да керек-жарақтар тасылады.

Рюкзак бағасы дүкенге және баланың жасына байланысты өзгеріп отырады. Мысалы, ABDI дүкендер желісінің сайтында бастауыш және орта сынып оқушыларына арналған рюкзактар 2 200 теңгеден 25 500 теңгеге дейін, ал жоғары сынып оқушыларына – 9 535 теңгеден 22 425 теңгеге дейін.

Marwin онлайн-дүкенінде рюкзакты баланың жынысы бойынша іздеуге болады, бірақ жасына қарай бөлу жоқ, сондықтан жалпы бағасы берілген: 17 000 теңгеден 41 500 теңгеге дейін.

"Детский мир" сайтында рюкзак бағасы:

• мектеп оқушылары (7–12 жас) – 1 790 теңгеден 15 150 теңгеге дейін;
• жасөспірімдер (13–18 жас) – 1 790 теңгеден 13 990 теңгеге дейін.

Күнделіктер мен дәптерлер

12 беттен тұратын қарапайым мектеп дәптерлерінің онлайн бағасы:

• ABDI – біреуіне 25 теңге;
• Marwin – біреуіне 200 теңге немесе 20 дана жиынтығы 1 599 теңге (шамамен 80 теңге біреуіне);
• "Детский мир" – түріне және маркасына қарай біреуіне 19 теңгеден 59 теңгеге дейін.

Кей мектептерде цифрлық шешімдерге көшкеніне қарамастан, күнделіктер әлі де қажет болуы мүмкін. Олардың бағасы:

• ABDI – 890 теңгеден 1 450 теңгеге дейін;
• Marwin – 850 теңгеден 3 850 теңгеге дейін;
• “Детский мир” – 590 теңгеден 949 теңгеге дейін (басқа түрлері сатылып кеткен).

Қаламдар мен қарындаштар

ABDI сайтында көк сиялы қарапайым қаламдардың жиынтықтары табылмады, бірақ жеке сатып алғанда бағасы 85 теңгеден 450 теңгеге дейін. Өшіргіші бар қара графитті қарындаш жиынтығы – 400 теңгеден 10 900 теңгеге дейін.

Түсті қарындаш жиынтығы – 300 теңгеден 19 035 теңгеге дейін (жиынтық көлеміне, брендке және т.б. байланысты). Ал осының бәрін жинауға арналған пенал – 185 теңгеден 6 950 теңгеге дейін.

Marwin-де бір қалам 150 теңгеден басталады, сондай-ақ үш-төрт қаламнан тұратын жиынтықтар 450–1 850 теңге тұрады. Қара графитті қарындаш жиынтығы – 250 теңгеден 4 500 теңгеге дейін.

Түсті қарындаштар – 850 теңгеден 16 500 теңгеге дейін. Пенал – 950 теңгеден 24 000 теңгеге дейін.

"Детский мир" ұсынған бағалар:

• көк сиялы қаламдар – біреуіне 19 теңгеден бастап; 4-тен 10 данаға дейінгі жиынтықтар – 179 теңгеден 2 350 теңгеге дейін;
• қара графитті қарындаштар – 179 теңгеден 1 090 теңгеге дейін;
• түсті қарындаш жиынтықтары – 167 теңгеден 10 390 теңгеге дейін;
• пенал – 889 теңгеден 5 690 теңгеге дейін.

Қорытынды

Кеңсе тауарларының бағасы жиынтық құрамына, брендіне, материалына және басқа да параметрлеріне байланысты өзгеріп отырады. Сондықтан керек-жарақтар өте арзан да, өте қымбат та болуы мүмкін.

Көбінесе ең жоғары бағалар Marwin-де кездеседі. Бұл жерде қымбат сегменттегі және ерекше дизайны бар тауарлар ұсынылған. ABDI – осы үш дүкеннің ішінде орта сегмент, ал "Детский мир" қолжетімді бағалары және тауар түрлерінің көптігімен ерекшеленеді. 

Сондықтан балаларға кеңсе тауарларын сатып алғанда тиімді ұсыныстарды зерттеп, жеке бюджетке сай таңдау жасау қажет.

Еске салсақ, бұған дейін Астанада биыл бір баланы мектепке дайындауға қанша ақша керектігі туралы да арнайы ақпарат дайындаған болатынбыз.

Сондай-ақ, ата-ана мен балаға мектепке қалай дайындалу керек екені жайлы кеңес берілген еді.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: - архив/ Арман Мухатов
Өзгелердің жаңалығы