Алматыда оқушы қызға 100 мың теңге ұсынып, азғыруға тырысқан ер адам қамауға алынды
Алматыда оқушы қызға ақша ұсынып, өзімен бірге баруды ұсынған ер адам 10 тәулікке қамалды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Алматыда полицейлер кәмелетке толмаған қызға ақша ұсынып, өзімен бірге баруды ұсынған ер адамды ұстады.
13 жастағы оқушы түсірген видео әлеуметтік желілерде тараған. Оқиға №50 мектеп маңындағы автобус аялдамасында болған.
Беймәлім ер адам алдымен қызға 100 мың теңгеге таксимен бірге кетуді ұсынған. Қыз бас тартқан соң соманы 300 мың теңгеге дейін көбейткен.
Алматы қалалық полиция департаментінің хабарлауынша, күдікті ұсталып, әкімшілік іс қозғалған.
Сот шешімімен ол әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 10 тәулікке қамауға алынды, – делінген ПД хабарламасында.
Оқу-ағарту министрлігінің Балалардың құқықтарын қорғау комитеті оқиғаның 9 қараша күні болғанын растады.
Комитет өкілдері оқушының анасымен байланысып, оған психологиялық көмек ұсынған және құқықтық кеңес берген.