Алматыда "Опера түні" жобасын 5 мыңнан астам көрермен тамашалады
Жобаға театрдың жетекші солистері, хор ұжымы мен симфониялық оркестрді қоса алғанда 200-ден астам өнерпаз қатысты.
Алматыда Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театрының 92-маусымының жабылуына орай ашық аспан астында «Опера түні» мәдени жобасы өтті.
Театр алдындағы алаңда ұйымдастырылған Open Air форматындағы концертке 5 мыңнан астам көрермен жиналды. Кеште әлемдік және ұлттық опера өнерінің таңдаулы туындылары орындалды.
Бағдарламада Біржан – Сара, Абай, Аида, Турандот, Травиата, Богема, Севильдік шаштараз, Норма және Самсон мен Далила шығармаларынан үзінділер шырқалды. Сондай-ақ O Fortuna мен Гүл Алматым орындалып, көрермендер өнерпаздармен бірге ән айтты.
Жобаға театрдың жетекші солистері, хор ұжымы мен симфониялық оркестрді қоса алғанда 200-ден астам өнерпаз қатысты. Концертті дирижерлер Нұржан Байбосынов пен Қуаныш Исмаилов басқарды.
«Опера түні» жобасы Алматының мәдени өміріндегі жаңа бастамалардың біріне айналып, ашық кеңістіктегі мәдени шараларға қала тұрғындары мен қонақтарының қызығушылығы жоғары екенін тағы бір мәрте көрсетті.