Алматыда онкологиялық аурулардың ең көп таралған түрі қандай?
2025 жылдың алғашқы алты айының қорытындысы бойынша, Алматыда обыр (онкологиялық аурулар) салдарынан болатын өлім-жітімнің тұрақты төмендеу үрдісі сақталып отыр, деп хабарлайды Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі.
Денсаулық министрлігінің мәліметінше, 2019 жылмен салыстырғанда, бұл көрсеткіш 30%-ға азайып, 100 мың адамға шаққанда 60,2 жағдайды құрады. Бұл белгіленген мақсатты деңгейден төмен, әрі ел бойынша ең үздік нәтижелердің бірі саналады.
Мұндай оң өзгеріске ауруларды ерте анықтау басты рөл атқаруда. Онкологиялық қызмет пен бастапқы медициналық-санитарлық көмек ұйымдарының белсенді жұмысының арқасында аурудың ерте кезеңінде анықталу үлесі айтарлықтай артты. Мысалы, егер 2019 жылы 0–I сатыдағы обырды анықтау үлесі 33,6% болса, 2025 жылдың ортасына қарай бұл көрсеткіш 39,9%-ға жетті. Бұл Қазақстандағы барлық онкоорталықтар арасындағы ең жоғарғы нәтиже, – деді ведомствода.
Сонымен қатар визуалды түрде көрінетін, бірақ кеш анықталатын ісіктердің (III-IV сатылар) үлесі де азайды. Егер 2019 жылы мұндай жағдайлар 10% болса, 2025 жылы – 7%. Бұл маңызды көрсеткіш бойынша да Алматы республика өңірлерінің ішінде бірінші орында.
Мұндай нәтижеге скринингтік бағдарламалар мен обыр белгілері бар пациенттерге арналған "жасыл дәліз" қағидатын қатаң сақтау арқылы қол жеткізілді. Скрининг БМСК аясында өткізіледі және жатыр мойны обыры, сүт безі обыры мен колоректалды обыр сияқты кең таралған түрлерін ерте анықтауға бағытталған, – деді мамандар.
Ведомство мәліметінше, 2025 жылдың алғашқы жарты жылдығында Алматыда скринингпен қамтылу деңгейі жылдық жоспардың орташа есеппен 52,6%-ын құрады.
• Жатыр мойны обыры бойынша 46 мыңнан астам әйел тексеруден өтті. 20 обыр дерегі анықталды, оның 80%-ы – бірінші сатыда. Сонымен қатар 411 обырға дейінгі жағдай тіркелді.
• Сүт безі обыры бойынша 60 мыңнан астам әйел тексерілді. 104 обыр дерегі анықталды, оның 62,5%-ы бірінші сатыда.
• Колоректалды обыр скринингі аясында 62 мың адам тексерілді. 19 жағдай анықталды, олардың жартысына жуығы ерте кезеңде. Сонымен қатар 240-тан астам адамның ішінен обырға дейінгі өзгерістер табылды.
Дәрігерлердің айтуынша, скрининг – симптомдар пайда болмай тұрып, ауруды анықтауға мүмкіндік береді, бұл өз кезегінде емнің тиімділігін арттырып, толық сауығу мүмкіндігін көбейтеді.
Пациенттерді жолдаудағы маңызды буын – "жасыл дәліз" қағидатын сақтау. Бұл обыр күдігі бар науқастарды жедел түрде тексеру мен кеңеске жіберу жүйесі. Денсаулық сақтау министрлігінің бұйрығына сәйкес, диагностиканың барлық кезеңдерін өту үшін нақты мерзімдер белгіленген.
Денсаулық сақтау министрлігінің дерегінше, Алматыда тіркелетін онкологиялық аурулардың ішінде ең көп таралған түрлері:
• Сүт безі обыры
• Колоректалды обыр
• Өкпе обыры
• Простат безі обыры
• Асқазан обыры.