Бүгiн 2026, 13:51 Фото: ©BAQ.KZ/Сымбат Сатыбалдина

Алматыда ондаған жерүсті өткелінің лифті істемей тұр

Аудан әкімдіктері жолаушыларға арналған жерүсті көпіріндегі лифттерді күтіп-баптауға қанша жұмсалғанын жасырып қалды.

BAQ.KZ редакциясы Алматыдағы бірнеше ауданда жерүсті жаяу жүргіншілер өткелдеріндегі лифтілердің жұмыс істемейтінін анықтады. Қала аудандары әкімдіктерінің редакцияға берген ресми жауаптарына сүйенсек, кей жерде көтергіштер толық тоқтап тұрса, кей аудандар мердігерлерді сотқа беруге дайындалып жатыр.

Алмалы ауданы

Алмалы ауданы аумағында бір жерүсті жаяу жүргіншілер өткелі орналасқан. Нысан Райымбек даңғылы мен Брусиловский көшесінің қиылысында орналасқан.

Өткелде үш көтергіш лифт қарастырылған. Әкімдік мәліметінше, 2023 жылы аталған лифтілерге жөндеу жұмыстары жүргізіліпті. Қазіргі уақытта барлық көтергіш механизм толық көлемде жұмыс істеп тұр. Жұмыс істемейтін лифтілер тіркелмеген.

Лифтілерге техникалық қызмет көрсету және жөндеу жұмыстарын «We'll do everything» ЖШС жүзеге асырады. Аудан әкімдігі қазіргі уақытта лифтілердің тоқтап тұруына байланысты сотқа жолданған істер мен жауапты тұлғаларға қатысты қолданылған шаралар тіркелмегенін мәлімдеді.

Алатау ауданы

Алатау ауданында барлығы 37 жерүсті жаяу жүргіншілер көпірі орналасқан. Олардың 17-сінде ғана лифтілер штаттық режимде жұмыс істеп тұр.

Фото: ©BAQ.KZ/Сымбат Сатыбалдина

Қалған лифтілер бойынша техникалық ақауларды жою және жұмыс қабілетін қалпына келтіру бағытында жұмыстар жүргізіліп жатыр екен. Әкімдік алдағы уақытта барлық ақаулы лифтілер кезең-кезеңімен жөнделіп, толық іске қосылады деп уәде берді.

 Бостандық ауданы

Бостандық ауданы аумағында 10 жерүсті жаяу жүргіншілер өткелі орналасқан. Оның жетеуі лифтілермен жабдықталған. Лифтілердің жалпы саны – 14.

Қазіргі уақытта барлық лифт жұмыс істемей тұр. Бұған мердігер ұйымның шарттық міндеттемелерді тиісінше орындамауы себеп болған.

Ресми жауапта мердігер ұйым келісімшарт аясында жерүсті өткелдерін, оның ішінде лифт жабдықтарын қалпына келтіру және іске қосу жұмыстарын жүргізуге міндеттенгені айтылған. Алайда бүгінгі күнге дейін қажетті жұмыстарды орындамапты.

Фото: ©BAQ.KZ/Сымбат Сатыбалдина

Жөндеу жұмыстарын жүргізу және лифтілерді іске қосу жауапкершілігі мердігер ұйымға жүктелген.

Қазіргі уақытта әкімдік мердігермен жасалған шартты бұзу рәсімін жүргізіп жатыр. Сонымен қатар сот органдарына жүгіну үшін материалдар дайындалуда.

Әуезов ауданы

Әуезов ауданы әкімдігі аудан аумағында алты жерүсті жаяу жүргіншілер өткелі орналасқанын хабарлады. Олар:

  1. Саин көшесі – Рысқұлбеков көшесінің қиылысы;

  2. Саин көшесі – Юрий Ким көшесінің қиылысы;

  3. Саин көшесі – Қойшыманов көшесінің қиылысы;

  4. Саин көшесі – Райымбек даңғылының қиылысы;

  5. Райымбек даңғылы – Фуркат көшесінің қиылысы;

  6. Абай даңғылы – Яссауи көшесінің қиылысы.

Әкімдік мәліметінше, аталған өткелдердің барлығындағы лифттер дұрыс жұмыс істеп тұр.

Түрксіб ауданы

Түрксіб ауданы аумағында сегіз жаяу жүргіншілер өткелі бар. Оның үшеуі жерасты, бесеуі жерүсті өткелі.

2026 жылғы мемлекеттік сатып алу конкурсы аясында бес жерүсті өткеліндегі көтергіш платформаларды күтіп ұстау және техникалық бақылау жұмыстарын «MO LIFT Group» ЖШС жүргізеді.

Бес жерүсті өткелінде тік көтергіш платформалар орнатылған. Ал үш жерасты өткелінде пандустар қарастырылған. Әкімдік мәліметінше, жерүсті өткелдеріндегі көтергіш платформалар штаттық режимде жұмыс істеп тұр. Сонымен қатар олар мүмкіндігі шектеулі және жүріп-тұруы қиын азаматтарға арналған.

Жетісу ауданы

Жетісу ауданында 18 жерүсті жаяу жүргіншілер өткелі бар. Оның 13-інде 10 тік және 18 көлденең көтергіш орнатылған. Әкімдік мәліметінше, қазіргі таңда барлық көтергіш жұмыс істеп тұр. Аудан аумағында істен шыққан көтергіштер жоқ.

Әкімдік мәліметінше, әрбір жерүсті өткелінде лифтілерден бөлек пандустар да қарастырылған. Сонымен қатар көтергіштердің техникалық жағдайына байланысты қызмет көрсетуші ұйымдардың байланыс нөмірлері көрсетілген хабарландырулар орнатылған.

Қазіргі уақытта көтергіштердің тоқтап қалу жағдайлары анықталмапты. 

Жетісу ауданы – лифтілерді күтіп баптауға бөлінетін қаржы туралы айтқан жалғыз әкімдік. Жауапта биыл аудан аумағындағы көтергіштерді күтіп ұстауға шамамен 20 млн теңге қажет екені айтылды. Сонымен қатар ағымдағы жөндеу жұмыстары аясында «Yard Service» ЖШС аудан аумағындағы өткелдерде 10 тік және 18 көлденең көтергішті ауыстырған. Жұмыстар 2025 жылғы 29 мамырдағы №209 мемлекеттік сатып алу туралы шартқа сәйкес жүргізілген. Келісімшарт сомасы – 234,8 млн теңге. Мердігер ұйым бір жылдық кепілдік берген. 

Фото: ©BAQ.KZ/Сымбат Сатыбалдина

Медеу ауданы

Медеу ауданы аумағында 13 жерүсті және алты жерасты жаяу жүргіншілер өткелі орналасқан. 2025 жылы аудан әкімдігі төрт жерүсті және үш жерасты өткеліндегі лифтілер мен көтергіш құрылғыларға ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізген.

Әкімдік бұл жұмыстар азаматтардың барлық санаты үшін қауіпсіз, қолайлы және қолжетімді қозғалысты қамтамасыз ету мақсатында атқарылғанын хабарлады.

Жөндеу жұмыстары конструкциялардың тозуына байланысты, сондай-ақ нысандарды кедергісіз орта талаптарына сәйкестендіру үшін жүргізілген. Бұл әсіресе мүмкіндігі шектеулі азаматтар, қарт адамдар және балалар арбасымен жүретін ата-аналар үшін қолайлы жағдай жасауға бағытталған.

Наурызбай ауданы

Наурызбай ауданы аумағында сегіз жерүсті жаяу жүргіншілер өткелі бар. Оның алтауы аудан әкімдігінің меншігінде. Ал екі өткел «Алтын Орда» көлік айрығы аясында салынған және қала меншігіне берілмеген.

Сонымен қатар аудан аумағында үш жерасты өткелі орналасқан:

  • Райымбек даңғылы бойында №7 қалалық клиникалық ауруханасының алдында;

  • Райымбек даңғылы бойында «Жібек жолы» базарының алдында;

  • Райымбек даңғылы мен Сураншы батыр көшесінің қиылысында.

Фото: ©BAQ.KZ/Сымбат Сатыбалдина

Жерасты өткелдеріндегі лифтілер жүріп-тұруы шектеулі азаматтарға арналған. BAQ.KZ тілшісі лифтінің жабық тұрғанын анықтады.

Әкімдік мәліметінше, лифтілердің кілттері мүгедектігі бар азаматтардың мәртебесін растайтын құжаттарды ұсынғаннан кейін беріледі екен.