Бүгiн 2026, 17:47 Фото: Жасанды интеллект

Алматыда 800-ден астам лифт тозу шегіне жеткен

Алматы қаласында қазір 14 523 лифт пайдаланылып жатыр.

Алматыда мыңдаған тұрғын күнделікті пайдаланатын лифт жабдықтарының едәуір бөлігі тозу шегіне жақындаған. Қала әкімдігінің Коммуналдық инфрақұрылым және тұрғын үй инспекциясы басқармасы редакцияның ресми сауалына берген жауабында 2030 жылға дейін жүздеген лифтіні ауыстыру қажеттігін мәлімдеді.

2030 жылға дейін 825 лифтіні ауыстыру қажет

Басқарма мәліметінше, Алматы қаласында қазір 14 523 лифт пайдаланылып жатыр. Оның 8 420-сы тұрғын үй қорына тиесілі.

2026 жылғы дерек бойынша пайдалану мерзімі 25 жылдан асқан 47 лифт бар. Ал алдағы бірнеше жылда мәселе ауқымы одан әрі ұлғаюы мүмкін. Ресми мәліметке сәйкес, 2030 жылға дейін шамамен 825 лифтіні толық ауыстыру қажет.

Лифт мәселесі қай аудандарда өзекті?

Қаладағы тозу деңгейі жоғары және пайдалану мерзімі ұзақ лифтілер негізінен Әуезов және Бостандық аудандарындағы көпқабатты үйлерде орналасқан. Бұл аудандардағы тұрғын үйлердің ескі қорына байланысты лифт инфрақұрылымын жаңарту мәселесі өзекті болып отыр.

Соңғы бес жылда қанша оқиға тіркелді?

Басқарма қолда бар деректерге сәйкес, соңғы бес жыл ішінде лифт жабдықтарының жұмысына байланысты шамамен бес оқиға тіркелгенін хабарлады.

Осы оқиғалар салдарынан екі адам жарақат алған.

Ал лифт ішінде қалып қою жағдайлары бойынша нақты статистика келтірілмеген. Ведомство мұндай жағдайлар авариялық қызметтер мен қызмет көрсетуші ұйымдар тарапынан тіркелетінін атап өтті.

Лифтілер қаншалықты жиі тексеріледі?

Ресми ақпаратқа сәйкес, лифтілерге техникалық қызмет көрсету және тексеру жұмыстары тұрақты түрде жүргізіледі.

Мамандандырылған ұйымдар техникалық регламенттер мен нормативтік талаптарға сәйкес жоспарлы жұмыстар атқарады. Бұдан бөлек, тұрғындардың шағымдары мен өтініштері негізінде жоспардан тыс тексерулер ұйымдастырылады.

2025 жылы лифт жабдықтарына байланысты 26 тексеру жүргізілген. Оның нәтижесінде 10 субъект әкімшілік жауапкершілікке тартылып, жалпы сомасы 629 120 теңге көлемінде айыппұл салынған.

Лифт құласа немесе істен шықса, кім жауап береді?

Ведомство лифт жабдықтарын қауіпсіз пайдалануға объект иелері мен қызмет көрсетуші ұйымдар жауапты екенін мәлімдеді. Қазақстан заңнамасына сәйкес, лифттің техникалық жай-күйі мен қауіпсіздігіне қатысты міндет осы тараптарға жүктеледі.

Алматыдағы лифт жабдықтары қай елдерден әкелінеді?

Қазіргі уақытта қалада қолданылатын лифт жабдықтарының негізгі жеткізушілері қатарында Қытайдың FUJI, FUJIZY және LGS брендтері, Түркияның LIFTCOMP компаниясы және Беларусьтің «Могилевлифтмаш» өнімдері бар.

Мамандардың айтуынша, лифт жабдықтарының нормативтік пайдалану мерзімі 25 жыл. Осы кезең аяқталғаннан кейін техникалық жағдайына қарай күрделі жөндеу, жаңғырту немесе толық ауыстыру қарастырылады.

Қалада қанша үй лифтпен жабдықталған?

Алматыда лифт жабдықтары 2 671 көппәтерлі тұрғын үйде пайдаланылады. Сонымен қатар, жаңа тұрғын үй кешендерін пайдалануға беру кезінде лифттердің техникалық талаптарға сәйкестігі тексеріліп, қауіпсіздік сертификаттарының болуы міндетті шарт ретінде қарастырылады.

Жер сілкінісі кезінде лифтілер қалай жұмыс істейді?

Басқарма қазіргі заманғы лифтілер арнайы қауіпсіздік жүйелерімен жабдықталатынын мәлімдеді.

Сейсмикалық әсер болған жағдайда лифт автоматты түрде жақын қабатқа тоқтап, есіктерін ашады. Кейін мамандар тексеру жүргізгенге дейін оның жұмысы уақытша тоқтатылады.