Алматыда өкпеге робот көмегімен алғашқы онкологиялық операциялар жасалды
Алматы онкологиялық орталығында роботтандырылған хирургиялық жүйенің көмегімен өкпе қатерлі ісігіне қатысты алғашқы екі операция жасалды. Әрбір операция шамамен 2,5 сағатқа созылды.
Операциялар Алматы Онкологиялық орталығының хирургтарымен бірлесіп, Харбин медициналық университетінің онкологиялық ауруханасының кеуде хирургиясы бөлімінің басшысы, Қытайдан келген профессор Сюй Шидунның қатысуымен халықаралық шеберлік сыныбы аясында орындалды.
Сарапшының медицина саласындағы тәжірибесі 35 жылдан асады. Ол кеуде қуысы ағзаларындағы ісіктерге қатысты 3 мыңнан астам операция жасаған.
Робот-ассистентті хирургия шағын тіліктер арқылы күрделі операциялар жасауға мүмкіндік береді. Бұл ретте операциялық аймақтың үш өлшемді (3D) кескіні мен жоғары дәлдіктегі құралдар қолданылады. Тиісті медициналық көрсетілімдер болған жағдайда, мұндай тәсіл қан жоғалтуды және операциядан кейінгі ауырсынуды азайтып, науқастың қалпына келуін жеделдетуі мүмкін.
Шеберлік сабағы барысында орталық мамандары шетелдік сарапшымен бірге заманауи хирургиялық тәсілдерді, роботтандырылған операцияларға көрсетілімдерді және асқынулардың алдын алу мәселелерін талқылады.
Бұған дейін орталықта роботтандырылған хирургиялық жүйенің көмегімен құрсақ қуысы мен кіші жамбас ағзаларындағы ісіктерге қатысты 20-дан астам операция жасалған. Енді бұл бағыт кеуде қуысы ағзаларының онкологиялық ауруларын емдеу саласында да кеңейіп келеді.
Өкпе қатерлі ісігін емдеуде робот-ассистентті хирургияны енгізу Алматы қаласында жоғары технологиялық онкологиялық көмекті дамытуға жаңа мүмкіндіктер ашады.