11 Қараша 2026, 11:05 Фото: Threads. Коллаж: BAQ.KZ

Алматыда нөсер жауын салдарынан көшелер көлге айналды

Алматыда жауған жаңбырдан кейін бірқатар көшені су басып, жаяу жүргіншілердің қозғалысы қиындады. Қала тұрғындарының бірі әлеуметтік желіде наразылығын білдіріп, жаңбыр суын бұру жүйесінің жұмысына қатысты мәселе көтерді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. 

Алматылық тұрғын жаңбыр жауған күні оқушыларды мектепке, студенттерді университетке жібермей, қызметкерлердің қашықтан жұмыс істеуіне мүмкіндік беру керегін айтады. 

Фото: Threads. Коллаж: BAQ.KZ

Алматыдағы Розыбакиев көшесінде жаңбырдан кейін су жиналып, жолдың бір бөлігін толығымен басып қалған. Әлеуметтік желі қолданушысы бұл жағдайды көшені қайта жаңғырту жұмыстарының нәтижесімен байланыстырып, бұрын-соңды мұндай су басуды көрмегенін жазды. Оның айтуынша, арықтарсыз қалған көшеде тіпті алғашқы жаңбырдың өзі осындай жағдайға әкелген.

Фото: Threads-тен видео кадры
 
"Алматы Кеңістіктерінің" мәліметінше, қазіргі уақытта басқарма өз қарамағындағы арық жүйелерін тазарту жұмыстарын ұйымдастырды. Жұмыс аяқталғаннан кейін арық желілері тиісті техникалық жағдайға келтіріледі дейді ұйым өкілдері.

Тағы бір жағдай Абай мен Каримов көшелерінің қиылысында болған. Тұрғынның айтуынша, автоматты суару жүйесін орнатқан жұмысшылар үлкен алаңнан шығатын су ағатын жолды бетонмен бітеп тастаған. Соның салдарынан су үлкен көлшік болып жиналып, арыққа жетпей, тротуар арқылы көлік жүретін жолға ағып жатыр.

Сонымен қатар тұрғын аялдаманың шағын екенін, жолаушылардың барлығы оған сыймайтынын айтып шағымданған. Оның сөзінше, бұл мәселе бойынша әкімдікке бірнеше рет өтініш жазғанымен, әзірге нәтиже болмаған.

Фото: Threads. Коллаж: BAQ.KZ

Алматылық тағы бір тұрғындардың бірінің айтуынша, қалада арықтар жабылып, көшелер жөнделіп, абаттандыру жұмыстары жүргізілген. Алайда қарапайым жаңбырдың өзі көшелерді суға толтырып жіберген.

Алматы, енді бізде кәдімгі жаңбыр жауса да, көшелер өзенге айнала ма? Арықтарды жауып, жөндеу жұмыстарын жүргізіп, көшелерді абаттандырдық. Оған бюджет қаражаты жұмсалды. Бірақ нөсер де, дауыл да емес, жай ғана жаңбыр жауды. Нәтижесі көңіл көншітпейді, – деп жазды ол.

Фото: Threads-тен видео кадры

Тұрғынның сөзінше, жаяу жүргіншілер жолын су басып, көшелермен су толассыз ағып жатыр. Соның салдарынан адамдардың тротуармен еркін жүруі қиындаған. Ал жолдан өткен көліктер жиналған суды жаяу жүргіншілерге шашып, оларды бастан-аяқ сулайды.

Оның айтуынша, балалар мектепке барар жолда су кешуге мәжбүр, ал ересектер жұмысқа жету үшін суға толған көшелерден өтуге мәжбүр болып отыр.

«Алматы Кеңістіктері» тұрғынның шағымына жауап берді. Ұйымның хабарлауынша, Розыбакиев көшесінің әл-Фараби даңғылынан Төле би көшесіне дейінгі аумағын қайта құру жобасы аясында құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жұмыстарды тапсырыс бойынша «Жасыл Жер» ЖШС атқарып жатыр.

Абаттандыру кезінде мердігер ұйым автоматтандырылған суару жүйесіне арналған құбырларды ашық әдіспен төсеген. Ұйым өкілдерінің түсіндіруінше, мол жауын-шашыннан кейін топырақтың негізі шөгіп, соның салдарынан кейбір жерлерде асфальт жабыны бүлінген.

Сонымен қатар «Алматы Кеңістіктері» аталған аумақтағы арық науалары абаттандыру жобасы басталғанға дейін жабылғанын атап өтті. Олардың мәліметінше, қазіргі құрылыс-монтаж жұмыстары аясында арықтарды жабу жүргізілмеген.

Қазір автоматтандырылған суару жүйесін орнатқан мердігер ұйымның бригадасы оқиға орнына барып, топырақтың шөгуі мен асфальттың бүлінуіне қатысты ақауларды жоюға кіріскен.

Ұйымның мәліметінше, топырақ негізі мен зақымданған асфальт жабынын қалпына келтіру жұмыстары ауа райы қолайлы болған кезде жүргізіледі. Ал жауапты басқарма жөндеу жұмыстарының сапасы мен уақытылы орындалуын бақылауға алмақ.

Айта кетейік, бұған дейін Шымкентте толассыз жауған жаңбыр салдарынан көшелерді су басып, жарық сөніп, әбігер туғызғанын хабарлаған болатынбыз.

Тағы оқи отырыңыз: Ақтауда су басқан көшеде көлігінің үстіне шығып, балық аулаған жігіт үш бап бойынша жазаланды