Алматыда NEET жастарының үлесі 8,3% құрайды

Алматыда Арбат алаңы мен Панфилов көшесінде бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі өтті. Оған 200-ден астам ірі компания, 35 ЖОО, 20 колледж және 5000-нан астам жас қатысты, деп хабарлайды Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі. 

Іс-шара қаламыздың 8 ауданында «Мансап күндері» атауымен жалғасын табады. 

Еске салайық, Алматы қаласында 255 мыңнан астам студент білім алуда. Жұмыссыз NEET жастарының үлесі 8,3% құрайды. Бұл санаттағы жастардың үлесін азайту мақсатында, бірқатар жұмыс атқарылмақ. 

Жұмыспен қамту және NEET санатындағы жастардың үлесін азайту Алматы қаласын 2025 жылға дейін дамыту бағдарламасының негізгі міндеттерінің бірі болып табылады. Өткен жылы біз 4 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын аштық. Биыл 9 мыңнан астам жұмыс орны ашылады деп күтіледі. Мұндай шараларды өткізу – жастарды қолдау және NEET санатының үлесін азайтудағы маңызды қадам, – деді Алматы қаласы Жастар саясаты басқармасының басшысы Қайыржан Меңдіғалиев.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, жобаның басты мақсаты – жастарға еңбек нарығы және оқу орындары туралы толық ақпарат беру.

Бүгінгі іс-шараға студенттерімізді де ала келдік. Бірқатар компаниямен таныс болып, жұмыс тауып жатқандары да жетерлік. Біздің мақсатымыз - тәжірибе мен теорияны ұштастыру, тұрақты жұмысқа орналастыру. Оқу орындарына, колледжге түсем десе де, жұмыс істеуіне де жол ашып, әртүрлі бағыттар ұсынылды, – деді Қазақ Ұлттық өнер университетінің қызметкері Аружан Танабекова. 

Жобаға белгілі спикерлер: Альмира Тұрсын, Ғани Абадан, Пак Элла, Әділет Рахметолла, Какенова Айжан, Керімбекова Әнел, Абай Омар қатысты. 

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы