Алматыда «Наурыз нақыштары» атты фестиваль өтті

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін ҚР Мемлекеттік орталық музейі «Наурыз нақыштары»  атты қазақ мәдениеті мен дәстүрлі ұлттық өнерінің фестивалін өткізді.

Орталық музей ұжымының жыл сайын өткізетін бұл іс-шарасы Қазақстан халқының мәдени дәстүрлерінің біртұтастығының символына айналған. Фестиваль аясында Орталық музейдің қорындағы қалпына келтірілген зергерлік бұйымдар негізінде «Көненің көзі»  көрмесі ашылды.

Көрменің мақсаты – дүстүрлі зергерлік әшекей бұйымдардың бірегейлігін және дәстүрлі мәдени мұраны сақтауға, музейлік құндылықтарды «жаңғыртуға» өз үлесін қосып жүрген музейдің суретші - қалпына келтірушілерінің күрделі жұмысын көрсету.

Көрмеге 100-ден астам қалпына келтірілген зергерлік әшекей бұйымдары қойылған. Олардың қатарында сырға, білезік, сақина, шолпы және өзге де әшекейлер киімге арналған сәндік ілгектер, кеуде әшекейлері қойлыған. Сондай-ақ, Гариф Жалмұханов, Иван Брякин, Алтынбек Абдулдаев сынды зергерлердің әшекей бұйымдары да қойылған.

Көрме экспозициясыннан қазақ операсының негізін қалаушылардың бірі Күлаш Байсейітова, қазақ бишісі, Қазақстан Республикасының Халық әртісі Шара Жиенқұлова, қазақ әншісі Жамал Омарованың әшекейлерін көруге болады.

Фестивальдың салтанатты ашылуында ҚР Мемлекеттік орталық музей директорының орынбасары Бибігүл Дандығарақызы өзінің жылы лебіздерін білдірді.

Фестивальге келген қонақтар бүгін ұлттық зергерлік бұйымдарды тамашалап қана қоймай, металдарды қалпына келтірудің қыр-сырын көреді. Өйткені бірнеше зергер шеберлік-сағаттарын өткізеді. Музейдің реставраторлары әртүрлі сипаттағы артефактілерді қалпына келтіріп отырады, экспонаттарды жөндеу, экспозициялық «түрге» келтіру жұмыстарын кешенді түрде орындайды. Соңғы уақытта музей реставраторлары, оның ішінде суретшілер, әшекей бұйымдарды қоса алғанда, музей жәдігерлерінің 700-ден астам сақтау бірлігін қалпына келтірді,-деді  Б.Дандығарақызы.

Фестивалдың ашылуында ҚР еңбек сіңірген әртісі, «Құрмет» орденінің иегері Сұлушаш Нұрмағамбетова, «Тенгри» этнотобы, Ж.Елебеков атындағы эстрада-цирк колледжінің студенттері өнер көрсетіп, көрермендерге ерекше мерекелік көңіл-күй сыйлады.


 

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы