Алматыда науқастар шақыртуға келген жедел жәрдем қызметкерлерін ұрған
Мас тұрғын үйіне келген медицина қызметкерлерін қамап, балағаттап, қол көтерген, деп хабарлайды Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі.
Аталған жағдай 21 мамыр күні сағат 07:23 шамасында болған. Медицина қызметкерлерінің жағдайы қанағаттанарлық. Жеңіл дене жарақаттарын алған.
Осы оқиғаға орай Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы түсінік берді.
2024 жылы 21 мамырда сағат 07:23 шамасында 103 қызметіне шақыру келіп түсті, оған №4 қосалқы станцияның жедел медициналық жәрдем бригадасы жіберілді. Бригаданың айтуынша, шақыру орнында фельдшерлер екі күн бұрын қолынан жарақат алған науқасты тексерген. Тексеру нәтижелері бойынша дәрігерлер науқасты шұғыл аурухана жатқызудың керек еместігін ескерткен. Тіркелген жері бойынша амбулаториялық ем алуға ұсыныс жасалған. Дегенмен пәтерде болған адам өте агрессивті әрекет жасаған. Медицина қызметкерлерін балағаттап, күш қолданған. Нәтижесінде фельдшер жарақат алды. Сонымен қатар, пәтердегі адамдар есікті жауып, зорлық-зомбылық көрсетіп, дәрігерлерді жібермей қойған. Оқиға орнына полиция қызметкерлері шақырылғаннан кейін ғана пәтерден шыға алған,- дейді Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы.
Аталған жағдайға байланысты Алматы қаласының полиция департаментінің баспасөз қызметі түсінік берді.
Полиция қызметкерлері үш құқықбұзушыға қатысты ұрып-соғу, спирттік ішімдіктер ішу, тыныштықты бұзу және тіркеусіз тұру фактілері бойынша шаралар қабылдады. Сот-медициналық сараптама тағайындалды. Шешім қабылдау үшін іс жүргізу материалдары сотқа жіберілетін болады,- деді Алматы қаласы полиция департаментінің баспасөз қызметі.