Алматыда нашар кәріз жүйесінің салдарынан үйлерді су басты

Алматыда Шапағат шағын ауданында тұрғындар кәріз жүйесіне шағымданды. Олардың айтуынша, жеке үйлерін унитаздардан тікелей аққан су басып қалады, деп хабарлайды Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі.

Жергілікті тұрғындардың сөзінше, бұл мәселемен олар алты жылдан бері бетпе-бет келіп отыр.

Көпбалалы жалғызбасты ана Мадина Аркенова жоспардан тыс жөндеу жұмыстарын жасау үшін 300 мың теңге несие алған. Оның үйінде судың әсерінен қабырғалар шайылып, сылақ құлап қалған. Оның айтуынша, ылғалдан балаларында аллергия пайда болған.

Балаларым жыл сайын ауырады, өйткені бүкіл су менің аулама кіреді. Үйім қазір апатты жағдайда. Кәріз жарылғанда су тікелей унитаздан, ваннадан, қол жуатын жерден ағып жатты. Ал сыртта кір су көшелермен ағып, аулалар мен бақшаларды басып жатыр, – дейді ол.

Тұрғындар бұзылған жолдың жағдайына да наразы. Жаңбырдың өзі жаяу жүргінші аймағын балшық батпаққа айналдырады. Етіксіз жүру мүмкін емес, жеңіл көліктер де өте алмайды.

Бәрі қазылып жатыр, тастар ұшып жүреді. Тіпті менің көлігімнің алдыңғы әйнегіне тас тиіп, сынды. Жол осындай күйде, себебі біреу тендерді ұтып алып, кәріз бен су жүйесін бір уақытта жүргізбек болды. Қазады, көміп тастайды, қайта қазады. Біз шағымданамыз, олар тағы да қайта қазады, – дейді жергілікті тұрғын Арзигүл Амраева.

Оның айтуынша, көлігін жөндеуге ай сайын 150 мың теңге жұмсайды.

Қазір шағын ауданда құрылыс техникасы қайта пайда болған.

Әкімдік мәліметінше, Алатау ауданында барлығы 136 көшеде жөндеу жұмыстары жоспарланған. Бүгінде 92 көшеде жұмыстар аяқталған. Соның ішінде Шапағат шағын ауданында – 26 көше, яғни 15 шақырым.

Қазір жұмыстар жалғасып жатыр. 6 қазаннан бастап асфальт төсеу басталады. Барлық жұмыстар 15 қарашаға дейін толық аяқталады, – деді көше-жол желісін дамыту бөлімінің бас маманы Қайнар Молдажан.

Дегенмен, шағын ауданның көптеген тұрғыны жөндеу аяқталғанша күтпей, көшіп кетуге шешім қабылдаған.

Бала еңбектеп жүргенде үстінен бір бөлігі құлады. Ылғал мен сыздан үйім апатты күйге түсті. Егер осылай жалғаса берсе, үй түгел құлап қалуы мүмкін. Балалармен қайда барамын, білмеймін, – дейді Мадина Аркенова.

Оның айтуынша, көршілері де осындай жағдайда өмір сүріп жатыр.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы