Алматыда мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған мобильді қосымша іске қосылады
Бұл туралы Алматы қаласы Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Бауыржан Жаубасов айтты, деп хабарлайды Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі.
Алматы қаласы Мәслихатының кезектен тыс XIV сессиясы кезінде “Алматы қаласының Инклюзивті ортаны дамыту жөніндегі кеңесінің құрамын бекіту” мәселесі талқыланды. Сессия барысында мәслихат депутаттары мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған мобильді қосымша жасауды ұсынды. Алматы қаласы Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Бауыржан Жаубасов қосымша қазір жасалып жатқанын айтып өтті.
Мұндай қосымша Алматы қаласын дамыту орталығында жасалды. Біз оны пилоттық режимде тексеріп көрдік. Көктемнен бастап іске қосуға тырысамыз. Әр азамат бұл қосымшаны жазып алып, қаладағы нысандарға байланысты пікір қалдыра алады. Мүмкіндігі шектеулі жандар ғимараттардың қолжетімділігі жөнінде өз ойларын қалдырады. Жол өткелдері, аялдама және өзге де объектілер жөніндегі ақпарат болады, - деді Бауыржан Жаубасов.