Алматыда мүгедектікті сырттай тағайындау қызметін 2500-ден астам адам пайдаланды
Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Алматыда бірнеше айдан бері ерекше қажеттіліктері бар адамдарға медициналық-әлеуметтік сараптама бөлімдеріне барудың қажеті жоқ. Енді топты тағайындау туралы шешімді тәуелсіз сарапшылар қабылдайды.
Алматы қаласы бойынша Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон департаменті басшысының орынбасары Гүлнар Құсманова Өңірлік коммуникациялар қызметінің брифингінде қазіргі уақытта аурулардың кейбір түрлері бойынша тек сырттай куәландыру жүргізілетінін айтты.
Азаматты сырттай форматта мүгедек деп тану Мемлекет басшысының мүмкіндігі шектеулі адамдар үшін барынша қолайлы жағдай жасау туралы тапсырмасының арқасында нақты іске айналды. Өткен жылдың соңында елімізде «мүгедектікті және/немесе еңбек ету қабілетінен айырылу дәрежесін белгілеу және/немесе қажетті әлеуметтік қорғау шараларын айқындау» мемлекеттік қызметін сырттай көрсету бойынша пилоттық жоба іске қосылды.
Гүлнар Құсманова олардың ведомствосының сараптамадан өтудің барынша ыңғайлы және қарапайым болуына әрқашанда ұмтылғанын атап өтті. Енді бұл шындыққа айналды. Ерекше қажеттіліктері бар адамдарға енді мемлекеттік құрылымдарға барудың, құжаттар пакетін жинаудың қажеті жоқ. Медициналық ұйымдар мен медициналық-әлеуметтік сараптама бөлімшелері арасында электрондық құжат айналымы қамтамасыз етілген, бұл мерзімдерді айтарлықтай қысқартуға көмектеседі, мүгедектерді артық анықтамалардан құтқарады және оларға электронды түрде жүгінуге және нәтижелер алуға мүмкіндік береді.
Алматыда пилоттық жоба өткен жылдың қараша айында 12 ауру бойынша іске қосылды. Бұл ретте сырттай куәландыру қызметін елдің басқа өңірлерінде де пайдалана алады.
Бірінші айда жобаға жеті медициналық ұйым қосылды. Бүгінгі таңда бізбен 39 мемлекеттік медициналық ұйым және 31 жеке медициналық орталық жұмыс істейді, - деді ол.
Енді мүгедектік тобын анықтау бойынша қызмет алу үшін өтініш беруші тұрғылықты жері бойынша емханаға жүгініп, қажетті тексерулерден өтуі қажет, ал қалған процестер оның қатысуынсыз ҚР Денсаулық сақтау министрлігі мен ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің ақпараттық жүйелерін интеграциялау есебінен өтеді.
Сонымен, 1 наурыздағы жағдайға сәйкес республика бойынша сырттай куәландыруға 19 546 өтінім жіберілді. 2022 жылдың басынан бері Алматыда мүгедектікті сырттай белгілеу қызметін 2 515 адам алған.