Алматыда мұғалімдер мен полиция вакцина ала бастады

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Алматы қаласы Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Әсел Қалықова өңірлік коммуникация қызметі алаңында өткен онлайн-брифингте айтты. 

Оның айтуынша, қазіргі уақытта қаладағы 300 мұғалім мен 500 полиция қызметкеріне вакцина салу көзделген. Екінші кезең бойынша вакцина салу тоғызыншы наурызда басталған.  

Қала бойынша 300 мұғалім мен 500 полицияға вакцина салу көзделген. Осы уақытқа дейін 20 педагог вакцина салдырып үлгерді, ал полиция қызметкерлерінен 50 адам екпе салдырды,-деді Әсел Қалықова.

Әсел Қалықова мұғалімдер мен полиция арасында вакцинадан бас тартқандар болғанын жеткізді. Дегенмен санитарлық түсіндіру жұмыстарынан кейін және нұсқаулықпен танысқан соң бас тартқан адамдардың бір бөлігі екпе салдырыпты.

Бұған дейін Алматыда вакцина салудың екінші кезеңі 1-ші наурыздан басталатыны және ол кезеңде мұғалімдер мен құқыққорғау органдары қызметкерлеріне екпе салынатыны айтылған еді.

Айта кетсек, елімізде ресейлік «Спуктник V» вакцинасын салу 1 ақпанда басталған. Бірінші кезең бойынша вакцинаны алғы шепте жұмыс істеп жүрген медицина қызметкерлері алған.


Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы