Алматыда метро құрылысына байланысты көлік қозғалысы өзгереді
Алматыда жаңа метро станциясының құрылысына байланысты Алатау даңғылының бір бөлігінде көлік қозғалысына шектеу қойылады. Өзгеріс 13 қарашадан бастап күшіне енеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Қалалық Жол инфрақұрылымын дамыту басқармасының мәліметінше, №1 метро станциясы Алатау даңғылында, Абай даңғылының солтүстік жағында орналасады.
Осыған байланысты құрылыс жұмыстары жүретін кезеңде Алатау даңғылының Абай даңғылынан Ұлықбек көшесіне дейінгі бөлігінде көлік қозғалысы шектеледі.
Көлік қатынасын қамтамасыз ету үшін жүргізушілерге арнайы салынған айналма жолды пайдалану ұсынылады.
Әкімдік қала тұрғындары мен қонақтарынан жол жүру бағытын алдын ала жоспарлап, орнатылған жол белгілерінің талаптарын сақтауды сұрады.
Алматы метросы тағы үш станциямен толығады
Айта кетейік, метроның бірінші желісінің үшінші кезегі аясында жалпы ұзындығы шамамен 5,3 шақырым болатын тоннельдер мен үш жаңа станция салу жоспарланған.
№2 станция Алатау даңғылында, болашақ Төле би көшесімен қиылысына жақын жерде орналасады.
Ал №3 станция «Барлық» базарының аумағында салынады. Бұл жерде бірыңғай көлік торабын құру көзделген. Ол метроны автобус бағыттарымен және жеңіл рельсті көлікпен (LRT) байланыстырады. Сонымен қатар жеңіл автокөліктерге арналған тұрақ салу жоспарланып отыр.