Алматыда Месси мен Роналду Құрылтай сайлауына қатысты
Алматы қаласының Бостандық ауданындағы №70 мектепте орналасқан №294 сайлау учаскесінде Құрылтай мүшелерін сайлау ерекше атмосферада өтті. Бұл жерге дауыс беруге әлемге әйгілі екі футбол жұлдызы – Месси мен Роналду келгендей әсер қалдырды. Алайда олар шынайы спортшылар емес, олардың бейнесіндегі росттық костюм киген азаматтар болды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Белгілі футболшылардың образын таңдаған екі дос өздерінің сайлауға келуін ерекше әрі есте қаларлық етуді көздеген. Олар сондай-ақ жұртшылықтың назарын әлемдегі ең танымал спорт түрлерінің бірі – футболға аударғысы келгендерін айтты.
Дауыс беруге кіріспес бұрын «Месси» мен «Роналду» мектеп ауласында шағын футбол жаттығуын өткізді. Доппен бірнеше жаттығу жасап, көңіл-күй көтерген олар сайлау күнін спорттық серпінмен бастады.
Олардың айтуынша, бұл бастама қоғамдық өмірге белсенді қатысуды сүйікті хоббимен ұштастыруға болатынын көрсетеді. Сондай-ақ Құрылтай сайлауы азаматтық белсенділік танытып, қоғам өміріне өз үлесін қосудың бір мүмкіндігі екенін жеткізгісі келген.
Ерекше кейіпкерлер басқа сайлаушылардың да назарын бірден аударды. Олармен көпшілік суретке түсіп, сайлау учаскесінің маңында көтеріңкі көңіл-күй қалыптасты.
Еске сала кетейік, Алматыда Балқаш «жолбарысы» Құрылтай сайлауына келді. Тұран маңызды қоғамдық шараға қатысып, өз таңдауын жасады.