Алматыда мемлекет меншігіне қандай активтер қайтарылды
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің заңсыз шығарылған активтерді қайтаруы Алматы қаласында әлеуметтік мәселелерді шешуге кеңінен ықпал етіп жатыр, деп хабарлайды Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі.
Антикор 2022 жылдан бері жалпы сомасы 1,152 трлн теңгеден астам актив пен қаражат мемлекеттік меншікке өткенін хабарлады. Оның 329,4 млрд теңгесі тікелей мемлекеттік бюджетке аударылды. Қайтарылған мүліктердің бірқатары бүгінде мемлекет балансына беріліп, халық игілігіне пайдаланып жатыр.
Бүгінде 61 мектеп салынып бітті. 2025 жылдың соңына дейін тағы 28 жаңа мектеп салу жоспарда бар. Бұл – тікелей қайтарылған қаражаттың нәтижесі, – дейді Алматы қаласы бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің превенция басқармасы басшысы Қанат Сәлімбаев.
Алматыда мемлекет меншігіне қайтарылған ірі нысандар оқу орындарына берілді. Солардың бірі .Алматы қаласында орналасқан «Алматы дарыны» дарынды балалар мен талантты жастарды қолдау орталығы бүгінде жаңа ғимаратқа ие болды. 2023 жылғы желтоқсанда ресми түрде мекеменің балансына өткен нысан жыл бойы істейтін балалар лагеріне айналды.
Қайтарылған активтер қатарында құны 7,9 млрд теңгеден асатын Kaisar Towers кешені де бар. Нысан 2024 жылғы маусымда Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетіне берілген. Қазіргі таңда университетте 12 мыңға жуық студент білім алып жатыр, оның төрт мыңы осы 12 мың шаршы метрден асатын тоғыз қабатты ғимаратта оқып жатыр.
Сондай-ақ Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясына құны 800 млн теңгеден асатын әкімшілік ғимарат берілген. Ал 2024 жылғы тамызда География және су қауіпсіздігі институтына Maisat бизнес-орталығы берілді.
Агенттік мәліметінше, Білім беру инфрақұрылымын қолдау қорына 153,3 млрд теңге немесе 329 млн доллар аударылды. «Жайлы мектеп» жобасы аясында Алматы қаласында 15 мектептің құрылысы жүргізілуде, 1 мектеп пайдалануға берілді, 6 мектептің құрылысы аяқталды.
Жемқорлардан тәркіленген активтер Қазақстан ішінде ғана емес, шетелден де қайтарылып жатыр. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттік мәліметінше, қазірге дейін: Австриядан 82,1 млн АҚШ доллары (36,8 млрд теңге) Лихтенштейннен 260,5 млн доллар (116,7 млрд теңге), БАӘ-ден 14 млн доллар (6,3 млрд теңге), Түркиядан 13,92 млн доллар (6,5 млрд теңге) болып, жалпы көлемі 670,5 млн АҚШ долларынан (297,5 млрд теңге) астам қаражат елге қайтарылған.