Бүгiн 2026, 10:10 Фото: ©BAQ.KZ коллажы

Алматыда оқушы көбейіп, мектеп жетпей жатыр: Ең қиын жағдай қай ауданда?

Алматыда кейінгі бес жылда оқушылар саны 33 мыңнан асып кеткен.

Алматы қаласында соңғы бес жылда мектеп оқушыларының саны 33 мыңнан астам балаға көбейген. Соның салдарынан қаладағы білім беру ұйымдарында оқушы орындарының тапшылығы өзекті мәселелердің бірі болып отыр. Бұл туралы Алматы қаласы Білім басқармасының BAQ.KZ-ке берген ресми жауабында айтылды.

Кейінгі бес жылда оқушылар саны 33 мыңнан асты

Алматы қаласы халық саны қарқынды өсіп келе жатқан ірі мегаполис. Соның әсерінен жыл сайын табиғи өсім мен ішкі көші-қон үдерістерінің нәтижесінде мектеп оқушыларының саны артып келеді.

Басқарманың мәліметінше, кейінгі бес жылда қаладағы оқушылар контингенті 33 628 балаға ұлғайған.

Қаладағы мектептерде 29 735 орын жетіспейді

Оқушылар санының артуына байланысты қалада оқушы орындарының тапшылығы мәселесі өзекті болып қалып отыр.

Қазіргі уақытта мемлекеттік білім беру ұйымдарындағы оқушы орындарының тапшылығы 29 735 орын. Оның ішінде мектеп жетіспеушілігі Алатау ауданында байқалады – 5 368 орын.

Алматыда 360 мектеп жұмыс істейді

Бүгінде қала аумағында 357 103 оқушыны қамтитын 360 мектеп жұмыс істейді.

Оның ішінде:

  • 227 мемлекеттік мектепте – 314 345 оқушы;

  • 133 жекеменшік мектепте – 42 758 оқушы білім алуда.

Мемлекеттік мектептердегі сыныптардың орташа толымдылығы 26 оқушы.

«Келешек мектептері»

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес оқушы орындарының тапшылығын азайту мақсатында «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында жалпы сыйымдылығы 34 800 оқушы орнына арналған 21 мектептің құрылысы жүзеге асырылып жатыр.

Бүгінгі күні 24 800 оқушы орнына есептелген 14 мектептің құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді.

Олар:

  • Алатау ауданында – 5 мектеп;

  • Алмалы ауданында – 1 мектеп;

  • Әуезов ауданында – 1 мектеп;

  • Бостандық ауданында – 2 мектеп;

  • Медеу ауданында – 1 мектеп;

  • Наурызбай ауданында – 4 мектеп.

Қалған 10 500 оқушы орнына арналған 7 мектепті ағымдағы жылдың соңына дейін пайдалануға беру жоспарланып отыр.

«Зерделі» шағын ауданында жаңа мектеп ашылады

Сонымен қатар, жергілікті бюджет қаражаты есебінен «Зерделі» шағын ауданында 550 орындық жаңа мектептің құрылысы аяқталып, пайдалануға беру көзделген.

Білім басқармасының мәліметіне сәйкес, қалада қазіргі уақытта апатты жағдайда деп танылған және үш ауысымда оқытатын мектептер жоқ.

2026 жылы 17 мектепке күрделі жөндеу жүргізіледі

Басқарма мәліметінше, 2026 жылы қаладағы 17 мемлекеттік мектепте күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланған.

Сонымен қатар, қала мектептерінде білім алушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында қолданыстағы нормативтік талаптарға сәйкес кешенді қауіпсіздік шаралары қабылданған.

Жаңа тұрғын аудандарда мектеп салу міндетті талапқа айналған

Қала аумағында жаңа тұрғын аудандарды дамыту кезінде әлеуметтік инфрақұрылым объектілерін, оның ішінде білім беру ұйымдарын орналастыру мәселесі алдын ала қарастырылады.

Осы мақсатта Алматы қаласының сәулеттік келбетін қалыптастыру және қала құрылысын жоспарлау қағидалары әзірленген.

Аталған қағидаларға сәйкес көпқабатты тұрғын үй кешендерін жобалау және салу барысында халықтың болжамды тығыздығы ескеріліп, жаяу қолжетімді қашықтықта мектептердің орналасуы міндетті талап ретінде белгіленген.

Сонымен қатар, қазіргі таңда Алматы қаласында 216 мемлекеттік мектеп инклюзивті білім беру үшін қажетті жағдайлармен қамтамасыз етілген.

Қалада мұғалім тапшылығы бар

Сонымен қатар, мемлекеттік мектептерде орыс тілінде оқытатын сыныптар үшін педагог кадрлардың, сондай-ақ математика, физика, химия, орыс тілі мен әдебиеті пәндері мұғалімдерінің және бастауыш сынып педагогтерінің тапшылығы сақталып отыр.