Алматыда мектепке мекенжайы бойынша қабылданбаған оқушылар қайда оқиды?
Алматыда халқы тығыз қоныстанған Нұркент ықшам ауданында мектеп тапшылығы тұрғындардың бас мәселелерінің біріне айналды. Жергілікті білім ордаларына балаларын қабылдамай жатқандарына тұрғындар наразы. Осы тұрғыда Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі аталған мәселенің анық-қанығын анықтап көрді.
Тұрғылықты мекенжай бойынша білім мекемелері
Нұркент ықшам ауданының тұрғындары мекенжайлары бойынша балаларын 201 немесе 209 мектепке беруге құқылы. Алайда бірқатар ата-ана 1-сыныпқа баратын балаларын аталған мекемеге бере алмай отырғандарын айтады.
“Екі мектеп те балаларымызды қабылдамай отыр. Екеуі де бір-біріне жіберіп, жауапкершіліктен жалтаруда. Жанымызда тағы екі тұрғын үй кешені салынып жатыр. Олардың балалары қайда оқиды? Егер олар да осы екі мектепке келсе, мектеп тапшылығы одан әрі күрделене түспек”, – дейді жергілікті тұрғын Әсел Жаңбырбай.
Көптеген ата-ана электронды үкімет арқылы сәуір айының өзінде балаларын мектепке алу жайлы өтініштер жіберіп, “бас тарту” жауабын алған.
209 мектеп бірінші сыныпқа баратын баламды мектепке қабылдаудан бас тартты. Себебі жазылмаған, неге екенін түсінбеймін. Өзге екі балам осы мектепке барады. Енді сонда отбасымыздағы балалар әртүрлі мектепке бара ма? Жекеменшік мектеп жылына мүлдем 3 миллион теңге сұрайды, – деді Әйгерім есімді тұрғын.
Онсыз да сыймай отырған мектептерге өзге аймақ оқушылары қабылданып жатыр ма?
Кейбір ата-аналардың сөзінше, осы жердегі мектептер өзге мекенжай бойынша оқушыларды қабылдаған және сол себепті орын тапшы.
Қалалық Білім басқармасы басшысының орынбасары Мұхтар Тәжібаев мұндай ақпарат шындыққа жанаспайтынын айтады.
Электронды үкімет порталы өзге мекенжай бойынша балаларды бұл мектептерге қабылдай алмайды. Бұл мүмкін емес. Барлығы автоматтандырылған, яғни жүйе жібермейді, – деді ол.
201 бен 209-мектептер неге қазір балаларды қабылдамай жатыр?
Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі осы сұрақ бойынша қалалық Білім басқармасына сұрау жолдады. Келген жауапта аталған жалпы білім беретін мектептерге жаңа оқушылардың қабылданбауы – бұл оқу ордаларындағы орын тапшылығына байланысты делінген.
209 мектеп жобалық қуаттылығы 1500 оқушыға есептелгенімен, бүгінгі таңда бұл мектепте 3739 бала білім алуда. Тек 1-сыныпқа 250 оқушыны қабылдау жоспарланған болса, қазіргі таңда 339 оқушы қабылданған. 201 мектептің сыйымдылығы 600 оқушыға есептелген. Алайда, қазір бұл білім ордасында 1488 оқушы оқып жатыр. Биылғы 1-сыныпқа 130 бала қабылдау жоспарланса, іс жүзінде 170 оқушы қабылданған, – деді Білім басқармасында.
Мұхтар Тәжібаевтың айтуынша, мектеп әкімшіліктері нақты физикалық және санитарлық талаптарды ескере отырып, жаңа оқушыларды қабылдау мүмкіндігіне ие емес.
Енді ата-аналар балаларын қайда оқуға бере алады?
Білім басқармасы тұрғылықты мекенжай бойынша мектептерге тіркеле алмаған балаларды жақын маңдағы 154, 91 және 82 жалпы білім беретін мектептерге орналастыруға уәде берді. Сондай-ақ оларды білім ордаларына дейін және кері бағытта тегін тасымалдау қызметі ұйымдастырылатынын жеткізді.
Алатау ауданында биыл қанша мектеп пайдалануға беріледі?
Білім басқармасы өкілінің сөзінше, 2025-2026 оқу жылында Алатау ауданында 4 жаңа "Келешек мектеп" типіндегі заманауи оқу орны пайдалануға беріледі.
"Биыл “Жайлы мектеп” ұлттық жоба аясында 4 мектептің (Теректі, Самғау, Ақбұлақ, Қарасу шағынауданы) ашылу жоспарда бар. Осы жылы Алғабас шағынауданында 2000 орынды, 1200 орынды Ғажайып шағынауданында жаңа мектеп құрылысы жүргізіліп, 2026 жылы аяқталу жоспарланып отыр. Қазіргі уақытта Алатау ауданында 17 мектепте 60 жуық мектеп автобусы оқушыларды тегін тасымалдайды. Жаңа оқу жылына қосымша 3 мектепте 23 мектеп автобусына сұраныс берілді, - деді Алатау аудандық білім беру бөлімінің басшысы Қарлығаш Ақмурзаева.