Алматыда мектеп пен балабақша құрылысына орын қарастырылмаса, үй тұрғызуға рұқсат берілмейді
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев қала аумағының сәулеттік келбетін қалыптастырудың және қала құрылысын жоспарлаудың жаңа талаптары туралы айтты.
Жаңа құрылыс ережелерінің басты идеясы - Алматының тарихи келбетін сақтау және қалпына келтіру, қала құрылысына қойылатын базалық талаптарды белгілеу. Мысалы, халықтың тығыздығы тарихи орталықта гектарына 300 адамнан, ал басқа аумақтарда 440 адамнан аспауы керек. Тұрғын үйдің орташа қоры бір адамға 18-25 шаршы метрден кем болмауы тиіс, - деді ол.
Қала әкімінің сөзінше, аула аумағында құрылыс салуға жол бермеу үшін ауланың аумағы бір адамға шаққанда 10 шаршы метр болуы жөнінде норма енгізілді, ал қалған төрттен бір бөлігі көгалдандырылуы қажет.
Әлеуметтік нысандар жақын жерде орналасуы үшін компания құрылыс кезеңінде мың адамға шаққанда 100 орыннан кем емес балабақша, мың адамға шаққанда 180 орыннан кем емес мектеп, емхана және полиция пункттерін салатын орындарды қарастыруы тиіс, - деді Бақытжан Сағынтаев.
Оның айтуынша, тарихи орталыққа мынадай міндетті талаптар енгізілген: тарихи ғимараттарды қалпына келтіру және сақтау; қабаттардың санын шектеу; ғимараттардың жақын орналасуын бағдарлау; тарихи ғимараттарды сүруге және олардың жанынан бизнес нысандарын салуға тыйым салу; қасбеттердің және олардың бірегейлігін бұзуға тыйым салу.
Бұған дейін Бақытжан Сағынтаев азық-түлік бағасын тұрақтандыру шаралары туралы айтты.
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Алдыңғы жаңалық
Елордада «Журналистер аллеясы» ашылады
Өзгелердің жаңалығы