Алматыда мектептердің маңына 700 полицей қойылады
Полицейлердің сөзінше, балалардың жол-көлік оқиғасына ұшырауына көбіне жол ережесін білмеуі емес, асығыстық, зейінсіздік, телефонға алаңдау немесе құлаққап тағу себеп болады.
Жаңа оқу жылының басталуына байланысты Алматыда мектептер мен балабақшалар маңындағы қауіпсіздік шаралары күшейтіледі. Қала көшелеріндегі қозғалыс қарқынының артуына байланысты полиция балалардың жолдағы қауіпсіздігіне ерекше назар аудармақ, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Алматы қаласы Полиция департаменті Қоғамдық қауіпсіздік басқармасының басшысы Тимур Ноғайбаевтың айтуынша, алғашқы қыркүйек күндері білім беру ұйымдарының маңында 700-ге жуық полиция қызметкері мен 130-дан астам патрульдік экипаж қызмет атқарады.
Оның сөзінше, балалардың жол-көлік оқиғасына ұшырауына көбіне жол ережесін білмеуі емес, асығыстық, зейінсіздік, телефонға алаңдау немесе құлаққап тағу себеп болады.
Балалар көп жағдайда ересектердің әрекетін қайталайды. Егер ата-аналар жолды қызыл шамға өтіп немесе рұқсат етілмеген жерден кесіп өтсе, бала мұны қалыпты мінез-құлық ретінде қабылдайды. Сондықтан балалардың қауіпсіздігі ең алдымен ересектердің жеке үлгісінен басталады, – деді Тимур Ноғайбаев ӨКҚ алаңында өткен брифингте.
Оның айтуынша, жаңа оқу жылы қарсаңында полиция қызметкерлері мен мүдделі мемлекеттік органдар мектептерге жақын көшелерді тексерген. Жол белгілерінің, жаяу жүргіншілер өткелдерінің, жол таңбаларының, жарықтандыру жүйесінің және өзге де инфрақұрылым элементтерінің жай-күйі қаралған.
Анықталған кемшіліктерді жедел жою үшін тиісті мекемелерге ұсыныстар жолданған.
Сондай-ақ әрбір жалпы білім беретін мектепке полиция қызметкерлері бекітілген. Олар өздеріне тиесілі аумақтарды бақылап, оқу орындарына кіреберіс пен шығаберістегі жағдайды қадағалайды және құқық бұзушылықтарға жедел әрекет етеді.
Алғашқы оқу күндерінде бұл жұмыс күшейтіледі. Әсіресе балалардың жолдан қауіпсіз өтуіне басымдық беріледі, – деді басқарма басшысы.
Полиция мектеп автобустарының қауіпсіздігіне де ерекше көңіл бөлген. Жаңа оқу жылы алдында олардың техникалық жағдайы тексеріліп, балаларды тасымалдау кезіндегі қауіпсіздік талаптарының сақталуы бақылауға алынған.
Тимур Ноғайбаев ата-аналарға да үндеу жасап, мектептердің маңында көлік кептелісін тудырмауға шақырды.
Екінші қатарға тоқтамауды, көлікті балалар мен жүргізушілердің жолды көруіне кедергі келтіретін жерлерге қоймауды сұраймыз. Кей жағдайда баланы мектеп қақпасына дейін жеткізгеннен гөрі, қауіпсіз жерде түсіріп, қалған бірнеше ондаған метрді бірге жаяу жүрген дұрыс, – деді ол.
Полиция өкілінің айтуынша, күз мезгілінде күннің қысқаруы да қосымша қауіп тудырады. Сондықтан балалардың киімі мен сөмкелеріне жарық шағылыстыратын элементтер тағу ұсынылады. Бұл жүргізушілерге баланы алыстан байқауға және жылдамдықты дер кезінде төмендетуге мүмкіндік береді.
Қыркүйектің алғашқы күндерінде мектептер маңында полицияның тұрақты бекеттері, қолмен реттеу жүйесі және мобильді патрульдеу қатар жүргізіледі. Әсіресе таңертең және кешкі уақытта электросамокаттар, велосипедтер және өзге де жеке мобильділік құралдарының қозғалысына бақылау күшейтіледі.
Балалардың қауіпсіздігін тек полиция күшімен қамтамасыз ету мүмкін емес. Бұл – құқық қорғау органдарының, мұғалімдердің, ата-аналардың, жүргізушілердің және балалардың ортақ жауапкершілігі. Басты мақсатымыз – баланың мектепке барып-қайту жолын барынша қауіпсіз ету, – деп түйіндеді Тимур Ноғайбаев.