Алматыда медициналық анықтамаларды жалған беру деректері тексеріледі
Тексеру барысында заңбұзушылықтар расталса, уәкілетті органдар өз құзыреті шегінде тиісті шаралар қабылдайды.
Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігі әлеуметтік желіде жарияланған мәліметтерге байланысты Алматыдағы «Аяжан» жеке клиникасының қызметіне жоспардан тыс тексеру жүргізбек. Тексеру жалған медициналық анықтамалар мен жеке медициналық кітапшаларды беру деректеріне қатысты болмақ.
Министрлік Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 385-бабына сәйкес, ресми құжаттарды қолдан жасау, дайындау немесе өткізу, сондай-ақ жалған құжаттарды олардың жалған екенін біле тұра пайдалану қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғатынын еске салды.
Медициналық құжаттар белгіленген талаптарға сәйкес, тек нақты жүргізілген медициналық тексерулер мен зерттеулердің нәтижелері бойынша ғана рәсімделуі керек. Белгіленген тәртіпті айналып өтіп, мұндай құжаттарды дайындауға және пайдалануға жол берілмейді.
Жауапкершілік құжаттарды заңсыз рәсімдеген адамдарға ғана емес, жалған анықтамалар мен еңбекке уақытша жарамсыздық парақтарын саналы түрде сатып алған немесе пайдаланған азаматтарға да жүктелуі мүмкін.
Денсаулық сақтау министрлігі азаматтарды тиісті медициналық негіздерсіз анықтама немесе еңбекке жарамсыздық парағын рәсімдеуді ұсынатындарға келіспеуге, медициналық ұйымның заңды түрде жұмыс істейтінін тексеруге және анықталған заңбұзушылықтар туралы құзырлы органдарға хабарлауға шақырды.
Қазақстанда медициналық құжаттарды қалыптастыру кезінде деректерді қолмен енгізу көлемін азайтуға, бақылау мен ашықтықты қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін цифрлық құралдар кезең-кезеңімен енгізіліп жатыр.
2026 жылдың басынан бері Денсаулық сақтау министрлігінің ақпараттық жүйелері арқылы 13,7 миллионнан астам электрондық медициналық құжат қалыптастырылып, берілді.
Азаматтар электрондық форматта 8 095 396 медициналық анықтама мен еңбекке уақытша жарамсыздық парағын, сондай-ақ диспансерлік есепке қатысты 5 698 396 анықтама алды. Олардың қатарында психиатрия, наркология және фтизиатрия бағыттары бойынша берілген құжаттар да бар.
Министрлік еңбекке уақытша жарамсыздық парағын алу үдерісін қайта қарады. Енді медициналық ұйым қызметкері медициналық ақпараттық жүйеде құжатқа электрондық цифрлық қолтаңбасын қойғаннан кейін ғана ол беріледі. Бұл құжаттың заңдылығын растауға мүмкіндік береді.
Еңбекке уақытша жарамсыздық парағының ашылғаны туралы ақпарат жұмыс берушіге азаматтың келісімімен жолданады. HR Enbek порталы арқылы жұмыс берушіге парақтың ашылғаны және мерзімінің ұзартылғаны туралы мәлімет беріледі. Ал қызметкер еңбекке жарамсыздық парағын Enbek HR мобильді қосымшасы арқылы көре алады.
Электрондық медициналық құжаттар медициналық тексеруден өту, дәрігерлік комиссиялардың қорытындыларын алу, еңбекке уақытша жарамсыздықты рәсімдеу, мүгедектікті белгілеу рәсімдерінен өту, санаторий-курорттық ем алу кезінде қолданылады. Сондай-ақ олар балаларға арналған медициналық құжаттарды рәсімдеуде, жұмысқа орналасуда, мемлекеттік органдарға және басқа да ақпараттық жүйелерге мәлімет ұсынуда пайдаланылады.