Алматыда майдангер Ысқақ Уәлиевті еске алды

Алматы, BAQ.KZ. Алматы қаласының әскери-техникалық мектебінде «Ешкім де, ештеңе де ұмытылмайды» атты патриоттық акция өтті. Іс-шара 1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысының Батыры гвардия старшинасы Ысқақ Уәлиевті еске алуға арналған. 

Акцияға әскери-техникалық мектептің курсанттары, батырдың немерелері мен шөберелері, «Атамның Аманаты» қоғамдық бірлестігінің тең құрылтайшысы Назым Арзымбетова қатысты. 

Ысқақ Уәлиев 1902 жылы Батыс Қазақстан облысында дүниеге келген. Соғыс кезінде ол 238-ші атқыштар дивизиясының 94-ші гвардиялық атқыштар полкінде қызмет етті. Ол басқарған мергендер бөлімшесі шайқастарда бірнеше рет ерекшеленді. Батыр екі «Қызыл Жұлдыз» орденімен және "Ерлігі үшін"медалімен марапатталған. 

1943 жылы Қазақстаннан шыққан Қызыл әскердің ерлігі мен батылдығы туралы республикалық "Социалистік Қазақстан" газетінде мақала жарық көрді. Ал 1944 жылдың мамыр айында Ұлы Жеңіске бір жыл жетпей, Ысқақ Уәлиев майданда алған жарақатынан көз жұмып, Калинин облысына жерленді. Майдангердің үйінде әйелі мен төрт баласы қалды. 

«Атамның Аманаты» қоғамдық бірлестігінің негізін қалаушы Назым Арзымбетова Ысқақ Уәлиевтің немерелеріне Ұлы Отан соғысы жылдарындағы қазақ жауынгерінің ерліктері туралы мақалалары бар майдандық газеттерді табыс етті.

Шара ұйымдастырушыларына батырдың немересі Ержанова Мадина өз алғыс айтты. Ол әскери-техникалық мектептің курсанттарына өз ісінің білікті маманы, патриот және еліміздің сенімді қорғаушысы болуды тіледі. 

Майдангер-батыр Ысқақ Уәлиевті бір минут үнсіздікпен еске алды.
 

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы