Бүгiн 2026, 16:06 Фото: Жасанды интеллект

Алматыда LRT мен SkyTrain салынады: Жоба туралы не белгілі?

Қазіргі уақытта SkyTrain-ның екі желісінің бағыты белгіленген.

Алматы әкімдігі қалада салу жоспарланып отырған SkyTrain жоғары жылдамдықты монорельсті көлік жүйесіне қатысты мән-жайды айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ

Әкімдіктің редакцияға берген мәліметінше, SkyTrain құрылысы қаладағы көлік кептелісін азайтуға, қолданыстағы жол инфрақұрылымының өткізу қабілетін арттыруға және экологиялық жағдайды жақсартуға мүмкіндік береді.

Қазіргі уақытта SkyTrain-ның екі желісінің бағыты белгіленген.

Бірінші желі "Барлық" көлік-ауыстыру торабы арқылы өтіп, Райымбек даңғылы, Саин көшесі, Әл-Фараби даңғылы және Шығыс айналма автожолы бойымен "Шығыс қақпасы" көлік-ауыстыру торабына дейін созылады. Желінің ұзындығы 29 шақырымды құрайды және онда 16 станция салынады.

Жобаны жүзеге асыру мерзімі – 36 ай.

Екінші желі Райымбек даңғылы бойымен Саин көшесінен "Шығыс қақпасы" көлік-ауыстыру торабына дейінгі аралықты қамтиды. Оның ұзындығы 13 шақырым, төрт станция қарастырылған. Бұл бағытты салу да 36 айға жоспарланған.

Осылайша, SkyTrain желілерінің жалпы ұзындығы 42 шақырымға жетіп, 20 станциядан тұрады. Пойыздардың орташа қозғалыс жылдамдығы сағатына 35 шақырым болады.

Әкімдік мәліметінше, жобаға арналған депоны Алматы облысы Қарасай ауданындағы Абай ауылы аумағында, "Барлық" көлік-ауыстыру торабының маңына орналастыру жоспарланып отыр.

Еске салайық, 11 маусымда Бейжіңге жасаған жұмыс сапары аясында Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалды Қытайдың көлік саласындағы жетекші компанияларының басшыларымен кездескен болатын. Кездесуге China Civil Engineering Construction Corporation (CCECC), China Railway Rolling Stock Corporation (CRRC) және басқа да ірі кәсіпорындардың өкілдері қатысты.

Тараптар Алматыдағы заманауи көлік инфрақұрылымын дамыту бағытындағы ынтымақтастық мүмкіндіктерін талқылады. Атап айтқанда, жеңіл рельсті көлік (LRT) желісін салу, SkyTrain жүйесін енгізу және метро желісін кеңейту жобаларына ерекше назар аударылды.