Алматыда әлеуметтік фильмнің тұсауы кесілді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Алматыда "Қыз бен теңіз" атты әлеуметтік көркем фильмнің тұсаукесері өтті. Бұл туралы  "Қазақфильм" АҚ-ның баспасөз қызметінен хабарлады.

ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша түсірілген фильмнің бұл көрсетілімінде бос орын болмады. Кинотуындының режиссерлері әрі сценарий авторлары – Мұхамед Мамырбеков және Әзизжан Заиров.

Фильмде БЦП-мен ауыратын Әсел есімді бойжеткеннің өмірі баяндалады. Оның бар арманы – махаббатын кездестіріп, отбасын құру.

Тұсаукесер рәсіміне қатысқан "Қазақфильм" киностудиясының президенті, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Арман Әсенов фильмнің түсіру тобының мүшелеріне құрмет грамоталарын табыстады. Киностудия басшысы фильмнің түсіру тобы үлкен жұмыс атқарғанын және қоғам үшін осындай әлеуметтік фильмдер қажет екендігін атап өтті.

Біздің қоғамымызда үлкен өзгерістер болып жатқанына бәріміз де куә болып жүрміз. Осындай жақсы өзгерістерге біздің де атсалысып жатқан жайымыз бар. Сондықтан да осы тамаша туынды белгілі бір шектеулерге қарамастан әр адамға қоғамда өз орнын табуға, армандардың орындалуына күш-жігер беретініне сенімдімін, - деді "Қазақфильмнің" президенті Арман Әсенов.

Айта кетсек, фильмдегі басты рөлдерді "АРДИ" оңалту орталығының оқушылары сомдайды. Мысалы, фильмде "Быть или не быть" фильмінде басты рөлді сомдаған актер, БЦП-мен ауыратын Тахир Омаров және Динара Шарипова ойнайды. Сондай-ақ  фильмге Эмир Байғазиннің "Төрт оқиға" фильмінде эпизодтық рөлді сомдаған  Қанағат Тасқараев та түскен. Ал бас кейіпкердің әпкесі рөліне театр және кино актрисасы Гүлбахрам Байбосынова шақырылған.

"Қыз бен теңіз" фильмі мүмкіндігі шектеулі жастардың өмірін баяндайтын "Безграничные возможности" дилогиясының екінші бөлімі. "Быть или не быть" атты бірінші бөлім арқылы біз БЦП-мен ауыратын жас жігіттің өмірін көрсетуге тырыстық.  Ал осы фильмде бойжеткеннің өмірін көрсетеміз. Фильм негізіне "Арди" оңалту орталығының тәрбиеленушісі Динара Шарипованың өмірі алынған, - деді фильмнің режиссері әрі продюсері Әзизжан Заиров.
Ал фильмнің тең режиссері Мұхамед Мамырбеков түсірілім барысында актерлер қойған талаптарды бұлжытпай орындап шыққандарын айтты. Сондай-ақ ол актриса Динара Шарипованың өмірде қарапайым және қайырымды болса да, алдына қойған мақсаттарға қол жеткізе алатын нағыз еңбекқор екенін атап өтті.  

Өзінің ауруына қарамастан ол толыққанды өмір сүреді. Шығармашылыққа да өте жақын, аяғымен сурет салып, дені сау адамдарға өз-өзіне сенуге көмектеседі. Динараның суреттері Жапония, Англия, Америка елдерінің жеке көрмелерінде ұсынылған, - деді фильмнің режиссері Мұхамед Мамырбеков.

Естеріңізге сала кетсек, "Қыз бен теңіз" фильмі 2017 жылы көктемде өндіріске жіберілген болатын. Фильмнің негізгі түсірілімдері екі ай көлемінде Алматы қаласында, сондай-ақ Қапшағай жағалауында өткен. 



Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы