Алматыда Лаки Кесоглуға І дәрежелі "Барыс" ордені табысталды

Марапаттау рәсіміне өнер майталманының шәкірттері мен эстрада жұлдыздары қатысты, деп хабарлайды Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мәдениет пен эстрада өнерін дамытуға қосқан елеулі үлесі үшін Пантелей Константинович Кесоглуды І дәрежелі «Барыс» орденімен марапаттау туралы Жарлыққа қол қойған еді.

Жағымды жаңалықты ұйқыдан ояна салысымен естіп, қуанып қалдым. Президенттің Жарлығын оқыдым. Шынымды айтсам, күтпеген едім, күтпеген жаңалықты есту жақсы ғой. Еңбегім еленіп, марапатқа ие болып жатқаныма қуаныштымын. Қарап отырсам, 85 жылдық ғұмырымда көптеген шәкірттерді даярлап шығардым. Шәкірттерім де хабарласып, құттықтап, жақсы тілектерін білдіріп жатыр. Осы ретте шығармашылығымды тыңдап, лайықты баға берген тыңдармандарыма рахметімді айтамын, - дейді І дәрежелі «Барыс» орденінің иегері Пантелей Кесоглу.

Салтанатты жиында Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның алғыс хаты оқылды. Әншінің шәкірттері мен әріптестері жылы лебіз білдірді.

Бүгін Пантелей Кесоглудың туған күні - 85 жылдық мерейтойы. Осындай керемет күнде Президент І дәрежелі «Барыс» орденімен марапаттау туралы Жарлыққа қол қойды. Бұл біз үшін қуанышты жаңалық. Мен Лаки Кесоглудың ең алғашқы шәкіртімін деп мақтана, марқая айта аламын. Ол кісінің өнер саласына қосқан үлесі орасан зор. Эстрада жүрген көптеген әншілерді даярлап, өз жолын табуына мүмкіндік берді. Мен ол кісіні әкемдей құрметтеймін. Әкеміздің марапаты құтты болсын дегім келеді,- дейді қазақ эстрадасының жарық жұлдызы Нағима Есқалиева.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы