Алматыда күшті жер сілкінісі бола ма? – Желіде халықты дүрліктіретін ақпарат тарап жатыр
Әлеуметтік желілерде «Алматыда жойқын жер сілкінісі болуы мүмкін» деген хабарлама тарап жатыр, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Желіде тарап жатқан хабарламаның бірінде ата-анасы Алматыдағы баласына қалада жер қозғалатыны туралы жарты жылдан бері айтылып келе жатқанын ескертіп, оны қаланың сыртына кетуге шақырады.
Елдің бәрі шулап жатыр. Осының (жер сілкінісінің – ред.) қайталанып келе жатқанына жарты жыл болды дейді. Алматыда 100 жылда бір рет болатын жер сілкінісі болады деп жатыр. Ғалымдар 9 балға дейін деп есептеп отыр. 15-не (қаңтар – ред.) болады деп жатыр. 14-не Алматыдан кетіп қалыңдар. Мүмкіндік болса, Ұзынағаш, Қаскелең жаққа кетіп қалу керек. Бірақ ол жақтар да тауға жақын дейді, - делінген отандасымыз таратқан аудио хабарламасында.
Оның айтуына қарағанда, былтыр Түркияда жер сілкінісі болмас бұрын жергілікті халыққа ол туралы ескертілген екен. Отандасымыз Түркияда 7-8 балдық жер сілкінісі болса, енді Алматыда 9 балдық болады дейді.
Алматы қаласының ТЖД халықты дүрлікпеуге шақырып, алдағы уақытта күшті жер сілкінісі болмайтынын ескертті.
Алдағы аптада Алматының сейсмикалық белсенді аймағында күшті жер сілкінісі күтілмейді, - деді Сейсмология институты директорының орынбасары Нұрсәрсен Өзбеков Алматыда өткен брифингте.
Оның сөзінше, Сейсмология институты апта сайын болжамның бірнеше түрін жасап, аймақтағы сейсмикалық жағдайға баға береді.
10 қаңтарда болжамдық комиссия күрделі сейсмологиялық материалдарға сүйене отырып, 10 қаңтар мен 17 қаңтарды қоса алғанда, ағымдағы аптаның қысқа мерзімді кезеңіне қорытынды жасады. Қорытындыға сәйкес, Алматы сейсмикалық белсенді өңірінің аумағында эпицентрінде 7 балдан асатын дүмпу күші 5,5 балл болатын күшті жер сілкінісі күтілмейді, - деді Нұрсәрсен Өзбеков.
Редакциямыз Төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз хатшысы Жанна Дәуренбековадан желіде тарап жатқан ақпараттың дұрыс-бұрыстығын сұрады. ТЖМ өкілі ол жалған ақпарат екенін айтып, министрлік ресми мәлімдеме тарататынын мәлімдеді.