Алматыда құрылыс сапасына қатысты 44 мердігер жауапқа тартылды

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Алматы қаласының Құрылысты бақылау басқарма басшысының орынбасары Олжас Төлебаев онлайн брифингте айтты.

Төлебаев басқарманың жыл басынан бергі жұмыс қорытындысы туралы баяндап, құрылыс саласында орын алған олқылықтар жайлы айтты. 

Алты айдың ішінде салынып жатқан объектілер саны 989 нысанды құрады, оның ішінде 338-і пайдалануға берілді, 651 объекті салынуда. Атап айтсақ, бюджеттік - 209, коммерциялық - 442 нысан бар. Құрылыс алаңдарында 323 құрылыс компаниясы және 135 техникалық қадағалау ұйымы жұмыс істеп жатыр. Жыл басынан бері тексеру қорытындысы бойынша құрылыс сапасына әсер ететін бұзушылықтары үшін 44 мердігер жауапкершілікке тартылды. Лицензиядан кейінгі бақылау нәтижесінде 42 лицензияның қолданылуы уақытша тоқтатылды, 360 лицензияның қызметі мүлдем тоқтатылды. Құрылыс алаңдарында бақылауды дұрыс жасамағаны үшін 15 техникалық қадағалау ұйымы жауапкершілікке тартылды. Оған қоса 4-еуінің сарапшы куәлігінің қолданылуын уақытша тоқтатылды, - деді ол.
Сонымен қатар ол жерді рұқсатсыз басып алғаны үшін 64 адамға 8,4 млн теңге сомасында айыппұл тағылып, нұсқаулықтар берілгенін жеткізді.
Жалға беру мерзімі өткен 1114 жер учаскесі анықталды, оның 104-і мемлекетке қайтарылды, 473-інің жалға беру мерзімі ұзартылды, 53-і бойынша шаралар қолданылды, 61 жер телімі жеке меншікке өтеу жолымен берілді, 423 жер учаскесі бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Көшелер мен аула аумақтарының бойында мемлекеттік қордың жеріне рұқсатсыз орнатылған 300-ге жуық заңсыз нысан, яғни 147 гараж, 28 стационарлық емес сауда объектісі, 95 қоршау сот ісін жүргізусіз анықталды және бұзылды, - дейді Төлебаев.
Сондай-ақ ауданы 3760,9 га құрайтын 2840 жер учаскесі нысаналы мақсаты бойынша пайдаланылмағаны анықталған. Оның ішінде аумағы 595 га құрайтын 755 жер учаскесі игерілген, 147 пайдаланылмаған ретінде тартылып алыныпты. Ауданы 837 га болатын 312 ауылшаруашылық жер учаскесі игерілген.
Бақылау функциялары аясында 333 жоспардан тыс тексеру жүргізілді. Нәтижелер бойынша жалпы сомасы 92 млн теңгені құрайтын 477 ереже бұзушылық анықталды. Жыл басынан бері заңсыз салынған 17 нысан бұзылды, оның ішінде Қарасай батыр көшесі, 156А мекенжайы бойынша орналасқан кафе, Сәтбаев көшесі, 119 мекенжайындағы сауда павильоны, Гоголь көшесі, 169 мекенжайындағы жазғы кафе бар, - деді ол.
Оған қоса заңсыз объектілерді бұзу бойынша 16 талап арыз сотқа жіберілген. Мәселен әл-Фараби даңғылы 214/1 тұрғын үйі, Төле би көшесі, 144В сауда павильоны, Тәжібаев көшесі, 132 бойынша салынып бітпеген КТҮ бар. Ал игерілмеген жер учаскелерін мәжбүрлеп алу туралы соттарға 305 талап-арыз жіберілген.
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы