Алматыда өкпесінің 88% зақымданған науқас жазылып шықты
Алматы, BAQ.KZ. Алматыдағы Орталық қалалық клиникалық аурухана дәрігерлері өкпесінің 88 проценті зақымданған науқасты емдеп жазды. Коронавирус инфекциясы салдарынан 59 жастағы пациент өздігінен тыныс алу қабілетінен айырылған.
Алматылық Владимир Шестаков қауіпті вируспен бір айдан астам уақыт күресті. Оның екі аптасын екі өкпесі бірдей қабынған пациент жан сақтау бөлімінде өткізді.Науқас Ольга Чистякова Медициналық сақтандыру қорының Qoldau 24/7 мобильді қосымшасы арқылы аурухана дәрігерлеріне алғыс жолдапты. Жылдың басында іске қосылған қосымша халық арасында үлкен сұранысқа ие бола бастады. Азаматтар Qoldau 24/7 арқылы шағым ғана емес, емдеген дәрігерлер мен медицина мекемесі атына алғыс жолдай алады. Жыл басынан бері қосымша арқылы 700-ге жуық алғыс хат келіп түсті, - дейді филиал басшысы Тілеухан Әбілдаев.Ольганың сөзіне сүйенсек, әкесі биылғы жылдың 25-маусымында сырқаттанған. Бастапқыда дәрігерлер өткір респираторлық вирустық инфекция жұқтырды деген диагноз қойыпты. Бірақ тағайындалған емнен пайда болмаған соң, компьютерлік томография жасалған. КТ нәтижесі өкпенің 88% астамы зақымданғанын растаса, ПЦР-тест сырқаттың COVID-19 вирусын жұқтырғанын анықтап берді.
Әкемді бірден ІІМ госпиталіне жатқызды. Бірақ беті бері қарай қоймаған соң, Орталық қалалық клиникалық ауруханаға ауыстыру туралы шешім қабылданды. Аурухана дәрігерлері әкемді емдеп жазамыз деген сөзінде тұрды. 28-маусымда өз аяғымен ауруханадан шықты. Орталық қалалық клиникалық ауруханада алтын қолды дәрігерлер жұмыс істейді. Солардың білімі мен біліктілігінің арқасында әкем ауыр науқастан құлан-таза айықты, - деп жазды Ольга Чистякова алғысында.
Емдеуші дәрігер Мыңжан Меңлібековтің айтуынша, пациент ОҚК ауруханаға ауыр халде түскен.
Коронавирус инфекциясын жұқтырған пациенттің өкпесі зақымданып, вирусты пневмонияға шалдығады. Бұл пациенттің өкпесі оттегі аппаратына қосқанға дейін 97 процентке дейін зақымданып үлгерді. Бірден тиісті дәрі-дәрмектер бердік, оттегіге қосқаннан кейін жағдайы едәуір жақсарды, - дейді М.Меңлібеков.
Филиал мәліметінше, 2020 жылы 3-наурыз бен 28-шілде аралығында Алматы қаласы бойынша коронавирус инфекциясына қарсы күреске 26 медицина мекемесі жұмылдырылған. Оның 21-і – инфекциялық стационар, 17-сі – провизорлық, 1 – кантиндік стационар. Осы уақыт аралығында аталған ауруханаларда 29 667 адам емделіп шыққан. Оған 3,2 млрд теңгеден астам қаражат жұмсалды.
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Алдыңғы жаңалық
Ұлттық банк жаңа коллекциялық монеталарды айналымға шығарды
Келесі жаңалық
ТЖМ қазақстандықтарға маңызды ескерту жасады
Өзгелердің жаңалығы