Алматыда көше асфальтынан темір шығып, көліктерге қауіп төндіріп тұр
Алматыдағы Розыбакиев көшесінде, кітап дүкенінің маңында асфальттан темір шығып тұрғаны туралы тұрғындар шағымданды. Олардың айтуынша, жолдың дәл ортасындағы темір көліктердің дөңгелегін тесіп, жол қозғалысына қауіп төндіруі мүмкін, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Әлеуметтік желіде тараған жазба авторы бұл аумақтың автотұрақ емес, көлік жүретін жол екенін атап өткен. Ол қала әкімдігінен қауіпті жерді шұғыл ретке келтіруді сұраған.
Асфальттың арасынан арматураға ұқсас темір шығып тұр. Осы жерден өткен кез келген көліктің дөңгелегі жарылуы мүмкін. Бұл жол қозғалысы қауіпсіздігіне тікелей қатер төндіреді. Біреудің көлігі бүлініп немесе жол апаты болғанын күтудің қажеті бар ма?, – деп жазды тұрғын.
Қауіпті жер қашан ретке келтіріледі?
Алматы қаласы Қоғамдық кеңістіктерді дамыту басқармасы тұрғынның өтінішіне жауап берді.
Басқарманың мәліметінше, Розыбакиев көшесінің Әл-Фараби даңғылынан Төле би көшесіне дейінгі аралығын қайта құру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жоба аясында аумақты кешенді талдау негізінде бас жоспар әзірленіп, қаланың көлік жүйесін қайта ұйымдастыру және жаяу жүргіншілер мен көлік байланысын дамыту көзделген.
Қазір аталған учаскедегі құрылыс-монтаж жұмыстары толық аяқталмаған. Мердігер ұйым келесі учаскедегі жұмысқа кірісуіне байланысты уақытша қоршауды алып тастаған. Бұл аумаққа кедергісіз кіру және құрылыс жұмыстарын жалғастыру үшін жасалған.
Басқарманың хабарлауынша, нысандағы құрылыс-монтаж жұмыстарын 2026 жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланыпты.