Алматыда көпбалалы аналарға жеке балабақшаларға тегін жолдама берілді
Медеу ауданы әкімдігінің ғимаратында көпбалалы аналарға сертификат табысталды, деп хабарлайды Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі.
Айтылған іс-шара Наурыз мейрамының “Қайырымдылық” күніне орай өткізілді. Алматылық көпбалалы аналар жекеменшік балабақшалардың 1 жылдық сертификаттарын алды. Бұл жолдама бойынша үлкен отбасының кішкентайлары балабақшаға тегін баратын болады.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша Наурыз мерекесі жаңаша тойланатын болды. Наурызнаманың бүгінгі “Қайырымдылық” күні аясында біз аудандық әкімдік өтініш берген 15 көпбалалы және жалғызбасты ананы таңдап алдық. Игі іске атсалысқан кәсіпкерлерге алғыс айтамын. Жұмыла көтерген жүк жеңіл дейді. 1 жыл болсын тегін балабақшаға бару ата-аналарға үлкен көмек болады деп үміттенеміз, - деді Медеу ауданы әкімінің орынбасары Айдос Нұрлыбаев.
Ал 6 баланың анасы Айжан Жұмажанова Наурыз қарсаңындағы берілген бұл сыйлыққа шынайы қуанышты екенін айтып, алғысын білдірді.
Менің 6 балам бар. Үлкені 5 сынып оқиды, кішісі 2 айлық. Балабақшаға ортаншы қызым ақылы түрде барып жүрді. Бірақ жақында көпбалалы аналармен жиналыс өтті, сол жерде өтініш беріп, бүгін сертификат алып отырмын. Бұл мен үшін үлкен көмек, - деді көпбалалы ана Айжан Жұмажанова.